• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қаңтар, 2020

Балалар неге бетімен кетеді?

482 рет
көрсетілді

Алматы облысында мектеп оқушыларының ескертусіз үйден кетіп қалу оқиғасы жиілеп кетті. Өкініштісі, оқу жылының осы тоқсанында ғана аймақтың тәртіп сақшылары мен еріктілері жасөспірімдердің із-түзсіз жоғалуына қатысты бірнеше рет дабыл қағып, іздеу жұмысын жүргізді.

Мәселен, өткен жылдың со­ңында Еңбекшіқазақ ауданы­ның полициясы 16 жастағы оқушы қызды табандарынан тау­сы­лып іздеп, 4 күн әбігерге түс­кен болатын. Іздеу жұ­­мы­сына Ал­­маты қаласының тәр­тіп сақ­шылары мен еріктілер тартылып, Гүлжан есімді қыз бала қала ор­та­лығындағы Арбат дема­лыс аумағынан табылған еді. Оқушы қыз үйден кетіп қалу себебін түсін­діре алмаған. Жалпы, осы Ең­бекшіқазақ ауданында адам жоғалу дерегі жиі тіркеліп отыр. Былтыр 30 адамға іздеу жарияланса, оның үшеуі – кәмелетке толмаған бала.

Ал қаңтар айының он екісінде Қаратал ауданының тәртіп сақ­шыларына екі баланың із-түзсіз жо­ғалғаны туралы дабыл түскен. Ортатөбе ауылында тұратын Лу­нин­дер отбасының 2004 жылғы Ели­завета және 2006 жылы туған Виталий есімді ұл-қызы үйден шығып кеткеннен оралмапты. По­лиция күні бойы айналаны шолып, оқушылар баруы мүмкін бағыт­­тардың бәрін тексерген. Қуа­нышқа қарай, ағайындылар бас­қа ауылдағы туысқандарының үйіне бара жатқан жолда адасып, кері қайтқан екен. Полиция оларды ата-анасының қо­лына тапсырды.

Тіпті, жақында Ескелді ауданына қарасты Нұрмолда Ал­да­бергенов ауылындағы орта мек­тептің 8 және 6-сыныбында оқитын екі қыз жоғалып, бір тәу­ліктен кейін Ал­­маты қала­сын­дағы «Сайран» ав­то­бекетінің маңын­дағы пәтер­ден табылды. Екі жас қыз үйден ке­тіп қалу әре­кетін «қала аралап қайтпақ» бол­ғандарымен түсін­діріпті. Олар­дың қалтасында 17 мың теңге ақша болған. Полиция ере­­сек­­тердің қарауынсыз жүр­ген жас­­өспірімдердің Алматыға дейін қан­дай көлікпен барған­дарын және кәмелеттік жасқа толма­ғандарға пәтерді кімнің жал­ға бер­генін анық­тап, жауапқа тарт­пақ.

Жалпы, баланың бетімен ке­туіне біржақты қарауға болмай­ды. Бірақ болған оқиғадан кейін тәртіп сақ­шы­лары жауап­кер­ші­лікті көп жағдайда ата-анадан сұ­райды екен. Мектеп әкімшілігі де оқушының өмі­рі мен денсау­лы­ғының қауіпсіздігіне қа­тысты өз міндетін тек ғимарат аума­ғы­нан шыққанға дейін ғана атқа­рып отыр. Демек, кінәнің бір ұшы отбасын­да жатқаны анық. Тәжі­ри­белі ұстаз, Талдықорған қаласындағы №16 мектептің қа­зақ тілі мен әде­биеті пәнінің оқы­тушысы Гаухар Омар­бек­қызы да осындай ой айтады.

– Тәрбие мәселесіне ата-ана да, мұғалім де, тіпті оқушының өзі де жауапты. Бірақ бала тәрбиесін қазір толық мұғалімнің мойны­на артып тастаған сияқты. Ата-­ана «таңнан кешке дейін жұмыстамыз» деп сылтауратады. Ал мұғалімдер күніне 150-200 балаға сабақ береді. Сол 150 баланың әрқайсысының міне­зімен айналысуы керек. Кей­де біздің де қатты кететін кез­деріміз бола­ды. Бірақ сол «тәйт» дегенді бала үйіне айтып барады. «Ол сенің ұста­зың. Мұғалімнің айтқаны – заң. Бәлкім, сенің әрекетің дұрыс бол­маған­нан кейін ескерту жаса­ған шығар» деп, себеп-салдарына көзін жеткізіп, тыйым айт­қанның орнына, баласының сөзін сөйлейтін ата-ана көп. Отба­сында, дастарқан басында отырғанда баласымен сөйлесіп, жаңағыдай сөздерді айтып отырса келеңсіз жағдайлар болмас еді, – дейді Гаухар Омарбекқызы.

Айтпақшы, аймақта балалар ара­сындағы құқықбұзушылық та кө­бейіп тұр. Мұның бір себе­­бін құзырлы органдар мек­теп инспекторларының жетіс­пеушілігінен іздейді. Қа­зір ай­мақтағы 760 білім беру меке­месінде бар болғаны 182 полиция уәкілі жұмыс істейді екен. Ал былтыр облыста жасөс­пірімдер арасындағы қылмыс 4,3 пайызға өсіпті. Яғни құқық­бұзушылықтың алдын алу мақ­сатында жүргізілген жедел іс-шараларға қарамастан жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Полиция өткен мерзім ішінде 4 рет «Жасөспірім» шарасын, 3 мәрте «Түнгі қаладағы балалар» акциясын өткізіпті. Ол бойынша кәмелетке толмаған баласын қараусыз жіберген 4 мың­ға жуық ата-анаға әкімшілік айыппұл салынып, 66 ойын-сауық орталығының иесі жауап­кершілікке тартылған екен.

 

Алматы облысы