Қытайдан шыққан коронавирус ауруы ел ішінде үреймен қатар түрлі әңгімелерді де тудыруда. Жамбыл облысында да осы уақытқа дейін түрлі әлеуметтік желілер арқылы Шу ауданы теміржолы маңында арнайы киінген қызметкерлердің суреті тараған болатын. Сонымен қатар жіберілген хабарламаларда Үрімжі қаласынан келген Цу Жан Хуй есімді 1972 жылы туған азаматтың мәліметтері жазылған еді. Соңынан Шу ауданына қытайлық азаматтардың келгені, олардың жедел респираторлық вирустық инфекциялар күдігімен ауруханаға жатқызылғаны расталды.
Қазір Жамбыл облысының Шу ауданына келген қытай азаматтары коронавирусқа тексерілу үстінде. Абырой болғанда шетелдік азаматтар коронавирусқа шалдықты деген хабар нақтыланған жоқ. Бұл ретте көпшіліктің дүрлігуі негізсіз. Атап айтсақ, Шу қаласының теміржол бекетінен 29 қаңтар күні таңғы сағат 05:45 шамасында 103 нөміріне вирусты инфекция жұқтырған болуы мүмкін деген адамдардың бар екендігі туралы хабар түскен. Артынша Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері №86 «Сарыағаш-Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыздан қытайлық екі азаматты түсіріп алып, Шу аудандық орталық ауруханасына жеткізген. Ал Жамбыл облысы әкімдігінің мәліметінше, олар аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінде медициналық бақылауға алынып, жедел респираторлық вирустық инфекциялары бар деген диагноз қойылған. Қытайлықтардың жағдайлары бүгінде бірқалыпты. Олардың дене қызуының көтерілуі де байқалмаған. Енді «Сарыағаш-Нұр-Сұлтан» бағытындағы пойыздың сол вагонында болған бұл жолаушылар 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Бүгінде облыстың медициналық орталықтары мен Шу ауданының медициналық ұйымдары жеке қорғану құрылғыларымен, дәрілік препараттармен, бір рет қолданылатын бетперделермен және залалсыздандыру құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
Жамбыл облысы