Қазақтың жақсы атын әнші Димаш Құдайбергеннің әлемге әйгілеп жүргені белгілі. Енді ата-тегі Құдайберген болып келетін тағы бір азамат тәртіп сақшыларының төмендеп кеткен абырой-беделін көкке көтеріп, елге жағымды жағынан танытты.
Кешелі-бүгін әлеуметтік желіні Дамир Құдайберген есімді полиция қызметкерінің бетін мұз басқан фотосуреті шарлап кетті. Арқаның ат құлағы көрінбейтін алапат боранында жолда қалғандардың амандығы үшін аянбай қызмет еткен «Мұз полицейге» деген елдің пейілі ерекше. Дамирге жұрт дән риза болып жатыр.
Кеше кезекшілігін тапсырып, үйінде демалып жатқан Дамир Құдайбергенмен аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
– Дамир, сіздің бетіңізді мұз басқан фотосуретіңіз әлеуметтік желі қолданушылар арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл сурет қандай жағдайда түсірілді?
– Алдыңғы күні таңертең қатты боран соққанда біз әріптесім, полиция лейтенанты Болатбек Нұролла екеуміз арнайы техника аршыған жолдағы жиырма шақты көліктен тұратын колоннаның соңынан жүріп отырдық. Теміртау мен Қарағандының орта тұсына келгенде көліктер омбы қарға кептеліп, жүре алмай қалды. Боран болса күшейіп, қарға адым жерді көру мұңға айналды. Қар, тіпті, машиналардың үстінен жүріп кетті.
Жағдай осындай болған соң біз адамдарды көліктерден шығара бастадық. Сол кезде көмекке аға лейтенанттар Данияр Кенжебеков, Тайтөлеу Жанұзақов және батальон командирінің орынбасары полиция капитаны Бекзат Сәулембаев келіп жетті. Біз 40 шақты адамды арнайы техникаларға және өзіміздің қызметтік көліктерімізге отырғызып, облыс орталығына жеткізіп салдық.
Ал фотоны біз құтқарған адамдардың бірі түсірсе керек. Айтайын дегенім, көлік иелерінің көбісінің бойында үрей болды. Олармен жеке-жеке әңгімелесіп, сабырға шақырып, тыныштандыруға тура келді.
– Қазіргі уақытта денсаулығыңыз қандай жағдайда?
– Тамағыма аздап суық тигені болмаса, бәрі ойдағыдай. Менің әлеуметтік желіде тарап кеткен фотомды көріп, туған-туыстар жан-жақтан хабарласып, алаңдаушылық білдіріп жатыр. Өзім де бұл суретті үйге келгенде бір-ақ көрдім.
Жалпы, мұнда тұрған түк те жоқ деп ойлаймын. Сол жерде менімен бірге болған әріптестерім де қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан аямай көмек көрсетті. Адамдарға қол ұшын беру – біздің қызметтік парызымыз ғой.
– Полиция қатарында жұмыс істеп жүргеніңізге қанша уақыт болды? Өзіңізді таныстыра кетсеңіз.
– Қарағанды қаласының тумасымын. Ішкі істер органдарында 2011 жылдан бері жұмыс істеймін. Былтыр батальонға ауыстым. Қазір облыстық полиция департаментіне қарасты патрульдік полиция қызметінің инспекторы болып қызмет етемін. Полицияның аға лейтенанты деген шенім бар.
– Өзіңіздің отбасыңыз туралы айтсаңыз. Қызметтен оралғанда үйде сізді кімдер күтіп отырады?
– Зайыбым екеуміз екі ұл өсіріп жатырмыз. Ол кісінің есімі Назира, үйде бала тәрбиесімен айналысады.
– Қажырлы қызметіңізге рахмет.
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
Қарағанды облысы