• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Қаңтар, 2020

Бейбіт күндегі қазаға кім кінәлі?

1861 рет
көрсетілді

Бүгінгі күні адам өлімі мен қазасының ең жоғары көрсеткіші жанды қинаған ауыр дерттер мен аурулардан емес, жол-көлік оқиғасы салдарынан тіркеліп отырғаны өкіндірмей қоймайды. Бұған кім кінәлі? Рас, табиғатта тосын мінез болып тұрады. Оның қары мен бораны, мұздағы мен көктайғағы бір-бірімен алмасып келіп жататыны да табиғи жайт. Мұндай кездерде автокөлікпен жолға шығу аса қауіпті екеніне ешкім талас туғыза алмайды.

Мұндай кездерде жол-әкім­­­шілік полициясы бас­ты ма­­гис­траль­дық трас­са­лар­ды жа­бу жө­нінде шешім шыға­руы құп­тауға тұрарлық іс. Осы арқы­лы болуы мүмкін жол-кө­лік оқи­ғаларының алдын алуға болатыны анық. Со­лай дей тұрсақ та, жер қара, күн жылы кездің өзінде жол үс­тіндегі қозғалыс құ­рал­­да­ры бір-бірімен қақ­ты­ғы­сып-соқ­ты­ғы­сып, түйісіп жатады.

Оның бірнеше себебі бар. Бі­рін­­ші­ден, жүргізушілердің тр­ас­­сада авто­кө­лік­ті белгі­лен­ген жылдамдық шегінен әл­де­­қай­да асырып айдаса, екін­ші­ден, олардың автокөлік жо­ла­ғының қарсы жақ бетіне шы­ғып кетуі де қайғылы жағ­дай­ларға әкеліп соқтырып жүр. Сон­дай-ақ көлікті мас кү­йінде жүр­гізу көріністері де жол-көлік оқи­ғалары санының артуына өз әсерін тигізіп келе­ді. Сондай-ақ қалалар мен ірі елді мекендерде бала­лар­дың қатысуымен және жаяу жүргіншілердің ағы­зып келе жатқан көлікті көре тұра рұқ­сат етілмеген аралықтан жол­д­ы кесіп өтуге ұмтылуы да қай­ғы­лы статистиканың санын кө­бей­те түсуде.

2019 жылы Ақтөбе облы­сын­да жоғарыда атап көрсе­тіл­ген жағ­даят­тар­ға байланыс­ты 130 мыңға жуық жол жүру ере­­жесін бұзу көріністері орын алған екен. Оның осындай астро­но­мия­лық деңгейге жетуіне бұған дейін ав­томобиль жүргізу құқынан         ай­ы­рыл­­­ған, соған қарамастан мас күйінде кө­лікке қайта отыр­ған­дардың қосқан үлесі де бар.

Сонымен бірге аудан­ара­­лық және облыс­ара­лық бағыт­тар­ға жүретін же­ке­­­леген такси және автобус иеле­рінің бүкіл жол бо­­йына ұялы телефон ар­қы­лы басқа біреулермен өте жиі, әрі ұзақ сөй­лесуі де кез­дей­соқ жағ­дайларға әке­ліп соқ­тырады. Олар көліктер ерсілі-қарсылы ағыл­ған трасса үстінде келе жатып өздеріне клие­нт іздейді. Олар­дың мұн­дай салғырттығы мен өзім­­шілдігінің кесірі салон ішін­де­гі жола­ушыларға тигеннен артық қандай өкі­ні­ші бар дер­сіз.

Ақтөбе облыстық полиция депар­та­ментінің бастығы Атығай Арыс­та­новтың айтуын­­ша, былтыр облыс аума­­­ғын­дағы жолдарда 870 жол-көлік оқи­ғасы тір­келген. Соның салдарынан 110 адам қаза тауып, 1173 адам ауыр және орташа деңгейде жара­қат алыпты. Өңірдің бас поли­цейінің ой-тұжырымына сайсақ, бейбіт күнде бұл өте жоғары көрсеткіш болып табы­ла­ды.

Тәуелсіздіктің алғашқы он­жыл­­­ды­ғы тұсында бірқатар об­­лыс­аралық ав­то­жол­дың бел­гіленген стандарт­тар мен нор­­мативтерге сәйкес салын­ба­­ғаны да бү­гін­гі көте­ріл­ген мә­селені күр­делен­ді­ре түсуде. Ең ал­дымен атал­ған жол­дар­дың енінің өте қысқа болуы жол-кө­лік оқиғасының тыйылмауына себепші болып отыр. Оның басты бір мысалы Орал – Атырау трассасы десек қателесе қоймаспыз. Мұнда екі жүк көлігі бірімен-бірі бетпе-бет келе қалғанда әрең сы­йы­п, сығылысып өтетіні белгілі.

Аталған автотрасса Орал – Аты­рау деп аталғанымен бұл жол арқы­лы ақтө­беліктер және Батыс Қазақ­стан облы­сының оңтүстік өңірде орна­лас­қан Ақжайық, Каз­талов, Жаңа­қа­ла, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының тұр­ғын­дары да жүреді. Атап өтерлік жайт, ақтөбеліктер Аты­рау­ға Орал қаласы арқылы қа­ты­най­ды. Өйт­кені Ақтөбе мен Атыраудың арасында автомо­биль жолы жоқ. Оның құры­лысы тек өткен жылы ғана бас­талды.

Сондай-ақ Ресейдің Са­ма­ра мен Саратов және Ор­ын­­бор қа­лаларынан ел ара­сын­да Аты­рау қаласына іс­кер­­лік қарым-қа­тынастар тұр­ғы­сы­нан сапар шегушілер де аз емес. Бұл трас­саның бойында бұр­малар мен бұ­рылыстар өте көп. Сақтықтың қажеттілігі де осында.

Ұзын сөздің қысқасы, бү­гін­гі күні Орал – Атырау трассасын қайта жаң­­ғыртып, оған күрделі жөндеу қа­жет­тілігі туын­дап отыр. Оған жұм­са­ла­­тын қаражат көздері әлеу­мет­тік тұр­ғыдан болмаса да, стратегиялық тұрғы­дан өзін өзі ақтай алары анық. «Сақ­­тан­­саң – сақтайды» демей ме дана халқымыз. Осы халықтық қағи­да ұдайы назарда болса, бейбіт күнде қаза тапқандар мен жарақат ал­ғандардың қатары азая түсетіні сөзсіз.

 

АҚТӨБЕ