Әлеуметтік желілерде «Оралда да коронавирусқа шалдыққан адамдар табылыпты» деген қауесет тарап кетті. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мәлімдеме жасады.
«Қытай Халық Республикасындағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты Орал қаласындағы медицина қызметкерлері ҚХР-дан жақында ғана келген адамдарға қоңырау шалып, араларынан жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) белгілері бар адамдарды анықтады» деп хабарлады БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Арнайы бекітілген іс-әрекет алгоритміне сәйкес, ЖРВИ белгілері бар тұлғаларға медициналық тексеру жүргізілген. Сөйтіп, зертханалық тексеру нәтижесінде Қытайдан келгендердің біріне ЖРВИ диагнозы қойылған. Онымен байланыста болған екінші адамнан В типті тұмау вирусы анықталған.
«Аталған адамдар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды, олардың жағдайы қанағаттанарлық және негізгі аурулары ЖРВИ мен тұмау бойынша қажетті симптоматикалық ем алуда» делінген әлеуметтік желідегі парақшасында.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті халықты желіде таралып жатқан жалған ақпараттарға емес, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұрайды.
Батыс Қазақстан