Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака, команда капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов, қақпашы Игита және футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаев Чехияның Брно қаласында өтетін элиталық кезеңнің алдында БАҚ өкілдерімен кездесіп, әлем чемпионатына дайындықтары туралы баяндады.
Бас бапкер турнирге жақсы дайындықпен бара жатқанын және басты мақсат – бірінші орын иелену екенін айтты. Сондай-ақ қарсыластарды жеткілікті деңгейде зерттегенін де жеткізді.
– Оқу-жаттығу жиыны жоспарға сәйкес өтті. Алғашқы күні ауа райының қолайсыздығына сәйкес сәл өзгерістер енгіздік. Қазіргі таңда Қазақстан Еуропа елдері арасында төртінші орында тұр. Әлем рейтингінде жетіншіміз. Мұндай жарыстарда бірінші орыннан басқа мақсат болмауы тиіс. Қарсыластардың барлығын құрметтейміз. Алайда басты міндет – бірінші орын алу. Алғашқы қарсылас – Румыния. Соңғы рет осы елдің ойыншыларымен ойнадық. Сол себепті мағлұмат жеткілікті. Словения ірі турнирлерге жиі қатысатын шебер команда. Чехия өз алаңында өтетін ойындарды жақсы өткізеді. Ұлттық құрамада басты рөлге шыға қоймаған ойыншылар бар. Мәселен Оразов пен Тұрсағұлов. Сонымен қатар Альберт Ақбалықов және Азат Валиуллин сынды жаңа ойыншылардың ойыны қарсыластар үшін ыңғайсыздық тудыруы ықтимал, – дейді Рикардо Кака.
Қазақстанның футзал құрамасының капитаны Дінмұхамбет Сүлейменов ішкі чемпионаттың деңгейі өскенін айтып, әлем біріншілігінен кейін карьерасын аяқтайтынын мәлімдеді.
– Ішкі чемпионаттағы командалардың көп болуы және бәсекелестіктің өсуі біздің ұлттық құрамаға оң әсер етеді. Себебі еліміздің жас та, талантты футзалшыларына жол ашылып, басқа футболшылардың шеберлігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді құрама капитаны.
Маусым соңында жарақат алып, біраз уақыт қатардан шығып қалған қақпашы Игита әлі толық бабына енбеген. Бірақ элиталық кезеңде жеңіске жету үшін барымды саламын дейді.
– Маусым соңында бұрын-соңды болмаған жарақат алып қалдым. Қазіргі уақытта жүз пайыз дайынмын деп айта алмаймын. Алайда ынта-жігердің арқасында жетістікке жетуге болады. Қазақстанда алаңдағы ойыншылар ғана емес, қақпашылардың да деңгейі артып келеді. Бұрын-соңды деңгейі жоғары қақпашылар болмаған еді. Бәсеке артып, қақпашылар аяқпен де ойнай бастады. Нұрәлем Байдолланың ойын сапасы өте жоғары. Батыл қимылдайды. Аяқпен де жақсы ойнайды. Болашағы зор қақпашы. Дәл осындай сөздерді Александр Гуровке де айта аламын. Қазақстанда жас қақпашылар көп. Олар үшін ең бастысы – тұрақтылық. Төрт-бес жылдан кейін менің ойын үлгімдегі қақпашылар шығып, ұлттық құрамаға көмектеседі деп ойлаймын, – дейді қақпашы.
Айта кетейік, футзалдан Қазақстан құрамасы Чехияның Брно қаласында 2020 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойнау үшін элиталы кезеңде Румыния, Словения және Чехия құрамаларымен сынға түседі. Еліміздің футболшылары қатысатын турнирді Қазақстан Футбол федерациясының YouTube арнасынан және «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады. Жанкүйерлер Румыния және Словения құрамасына қарсы өтетін ойынды федерациясының YouTube арнасынан, ал Чехиямен өтетін соңғы ойында «Qazsport» телеарнасынан тамашалай алады.