Мыңбұлақ ежелгі жазба деректерде кездесетін әйгілі мекен. Тарихи деректерге жүгінсек, Мыңбұлақ туралы алғаш рет қытай жиһанкезі Сюань-Цзянның 630 жылы жазылған сапарнамасында кездеседі. Бұдан кейін Мыңбұлақ жайында атақты араб жиһанкездері Убайдаллаһ ибн Хордадбек және Құдама ибн Жафар жазады. Олардың күнделіктеріндегі «Бұл Абарджадж үлкен төбе, оның айналасында мыңдаған бұлақ көздері бар. Олар қосылып бір өзенді құрайды. Өзен шығысқа қарай ағады, оның аты Баркуаб. Бұл сөздің аудармасы «кері бағытта ағатын өзен», деген деректер де Мыңбұлақ мекенінің көне замандардан келе жатқанын аңғартады.
Бүгінгі Мыңбұлақ Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы Теріс өзені алабында орналасқан. Атақты жиһанкездердің Баркуаб деп отырғаны осы Теріс өзені. Тауға қарай кері ағып жатқан өзеннің де өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Бұл аумаққа ауданның Көлбастау және Талапты ауылдары да кіреді. Аталған ауылдар мен Алатауға дейінгі аралықта сансыз бұлақтар бар. Сонымен қатар осы Көлбастау мен Талапты ауылдарының орта тұсында бұрынғы Орақ-Балға ауылының ескі жұрты жатыр. Бұл жерде ұлтымыздың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы дүниеге келген. Батырдың өзі «Ұшқан ұя» кітабында «Момыш әкемнің айтуынша, мен мың да тоғыз жүз оныншы жылдың қысында, ескіше декабрьдің жиырма төртінде туыппын. Әкем ол күні Әулиеата шаһарында екен. Мен туған соң, Имаш бабам жан-жаққа кісі шаптырып, әкеме де хабаршы жіберіпті», деп жазады. Жалпы, Мыңбұлақ батырдың жеті атасының қонысы болған тарихи мекен. Батырдың өзі айтқан Имаш бабасы да, Момыш әкесі де бұл жерді ен жайлаған. Кітапта әкесі Момыштың ақындық қасиеті де айтылады. Қызбен болған бір айтысында ол кісі Мыңбұлақты да жырға қосыпты. Жасынан зерек те алғыр батыр Бауыржан мұны өзінің естелігінде де айтады. «Біздің ауыл Мыңбұлақ басын ала, басыңдағы орамал жасыл ала. Көңілің бізде болса, а, құдаша, біразырақ отыршы қасыңа ала» немесе «Мыңбұлақтың сулары сылдырайды, сұлу қыздың бұрымы бұлдырайды. Құдаша деп сыртыңнан құмартушы ем, ескергейсің ендігі біздің жайды», деген өлеңдер де әйгілі Мыңбұлақтың қасиетті мекен екенін меңзесе керек.
Сол Орақ-Балғаның ескі жұртының батыс тұсында Момыш бұлағы бар. Кезінде мұнда Мыңбұлақтағы әр бұлақ басына киіз үй тігілген деседі. Мыңбұлақтың бір тармағы Момыш бұлағына да Момыш әулетінің киіз үйі тігіліп, батыр Бауыржанның балалық шағы осы жерде өткен делінеді. Момыштың өзі де тегін адам болмаған. Әкесі туралы жазушы «Ол кезде біздің елде хат жазып, қара танитын адам некен-саяқ. Молда дейтін молдалардың өзі құранның о жер, бұ жерінен шала-шарпы жаттап алғаны болмаса, нағыз дүмшелер. Ал Момыш болса, өз бетінше тырмысып сауатын ашқан кісі, сонысымен бүкіл аймаққа әйгілі, сыйлы адам еді», деп жазады. Бүкіл ел қадірлеген азаматтың атымен бір бұлақтың аталмауы мүмкін емес еді. Момыш бұлағы өзінің бастауын таудың етегінен алады. Бұлақтың суы шағын ғана. Ал Момыш бұлағының батыс шетінде Есдәулет бұлағы деген де бұлақ бар. Бұл күнде Момыш бұлағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандарының тізіміне алынған.
Көнекөз қариялар бұлақтың көзін ашу Меккеге сапар шегумен бірдей сауап болатынын жиі айтатын. Момыш бұлағын сақтауда Жуалы ауданының Құрметті азаматы Аманжол Дүрәлі ақсақал талай жылдан бері мәселе көтеріп жүр. Нәтижесінде бұлақтың айналасы қоршауға алынып, бұлақ басына стелла қойылды.
Жамбыл облысы