• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Ақпан, 2020

Көлік мінген келіншектер жол ережесін көрінеу бұза ма?

628 рет
көрсетілді

Әдетте көлік тізгінін ұстау жынысқа бөлінбесе керек-ті. Қазір еркекпен бірдей әйел заты да кез келген көлік құралын жүргізіп жүр. Бұл тіпті таңғалатындай жағдайдан қалған.

Бірақ жол ережесін сақтауға қа­тыс­ты жүргізген зерттеулер, ерлерге қарағанда әйелдердің ережені жиі бұзатынын анықтаған. Әсіресе, қа­ла ішіндегі жолдарда ережеге бағын­байтын бойжеткендер көп кезде­седі екен. Бұрылуға болмайтын тұстарды кө­рінеу қиып өту, көліктегі ескерту габариттерін іске қоспау, жарық құ­ралы мен ескерту белгілерін ажыратпау сияқты жүргізушілер жібермеуі тиіс қателіктерді айтпағанда, нәзік жан­дылардың кесірінен болған апатты жағдайлар көбейген. Бұл туралы бізге Талдықорған қаласы полиция бас­­­қармасының аға тергеушісі Дидар Сейітжан айтқан еді.

Полиция деректерін саралап отырып, көлік айдаған қыз-келіншектердің кесірінен болған жол-көлік оқиғаларына қатысты бірнеше оқиғаға кезіктік. Мысалы, облыс полицейлері мас күйін­де көлік жүргізген әйелді ұс­тапты. Оқиға Балқаш ауданының ор­талығы Ба­қанас ауылында болған. Патруль полициясы күдік туғызған «Тойота Карина» көлігін тексеру үшін тоқ­татқан екен. Құжат тексеру кезінде тізгіндегі әйел адамның алкогольді ішімдік ішкені анықталды. Отыз тоғыз жастағы келіншектің мас күйінде көлік руліне отырғанын медициналық сараптама да айқындаған.

Айтпақшы, «Тойота Карина» көлі­гінің иесі бұған дейін де «қызып алып» көлік басқарғаны үшін айып тө­леп, соттың шешімімен 3 жылға дейін авто­көлік құралдарын басқару құқы­нан айы­рылған екен. Енді ауыл тұрғы­нын аса үлкен көлемдегі айыппұл мен қо­ғамдық жұмысқа жегу немесе 5 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.

Тағы бір өкінішті жағдай облыс орталығында болған. Талдықорған қа­ласының соты жылға жуық уақытқа со­зылған атышулы іске қатысты ше­шім шығарыпты. Қанды оқиға 2019 жыл­дың наурыз айында болған еді. 64 жастағы жүргізуші әйел Infiniti көлігінің тізгініне ие бола алмай, автомашина жол бойындағы автобус аялдамасына соғылған. Жоғары жылдамдықпен келген көлік аялдамада тұрған 2 адамды таптап өтіп, 14 жастағы қызды ауыр жа­­рақаттаған. Соққы салдарынан жас жұбайлар оқиға орнында тіл тартпай кеткен.

Жылға жуық жүрген тергеу кезінде адам өліміне себепкер болған жүргізуші әйелге қатысты бұлтартпау шарасы бірнеше рет өзгертілген. Бұл оқиғадан хабардар болған қала тұрғындары наразылық білдірген. Сот шешімі жарияланғалы бері де адамдар жүр­гізушіге кесілген жазаны тым жеңіл деген пікірде. Ал Талдықорған қалалық соты кінәлі әйелдің жас ег­делігін және істеген қылмысын мо­йындап, өкініш білдіргенін есепке алып, 5 жылға шартты мерзімге бас бостандығын шек­теуді ұйғарыпты. Айтпақшы, шартты жазаланған әйел 7 жылға дейін көлік басқару құқығынан да айырылыпты.

Көлік демекші, Алматы облысында Ресей, Қырғызстан және Армения елінің есебінде тұратын көлік саны көп. Өкінішке қарай, бұл көлік ие­лері де жол ережесін белден басып, айыппұл төлеуден жалтарып келген екен. Жолдағы оқиғаларға да себепші болғандары жоқ емес. Өткен жылы шетелдік нөмірлі 37 көлік апатқа ұшы­рапты. Облыс полицейлерінің де­ре­гінше, аймақ жолдарында болған осы апаттардың кесірінен 80 жолаушы жараланып, 18 адам қайтыс болған.

 

Алматы облысы