Чехияның Брно қаласында өтіп жатқан футзалдан Әлем чемпионатына жолдама беруші элиталы кезең Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз басталды. Жерлестеріміз алғашқы ойынды Румынияға қарсы өткізді.
Кездесуді қарсыластар жылдам голмен бастады. Ойынның небәрі екінші минутында Румыния құрамасының капитаны Думитру Стойка есеп ашты. Біздің ойыншылар қалған уақытты толықтай шабуылмен өткізгенімен, қарсыластың қорғанысын бұза алмай қойды. Екінші таймда қорғаныс арқылы ойнаған Румыния футболшылары тағы екі гол соғып кетті. Кездесу аяқталар тұста Қазақстан құрамасы қарсыластың үш голына бір голмен жауап қайтарды. Гол авторы – қақпашы Игита. Қорытынды есеп – 1:3.