Кеше Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Сонымен қатар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.
Импортқа тәуелді азық-түліктер анықталды
Алдымен Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов елдегі азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндады. Министр атап өткендей, ағымдағы жылдың қаңтар айында маусымдық бағаның 0,3%-ға өскені анықталды.
– Біріншіден, жергілікті атқарушы органдар мен бақылаушы органдардың аумақтық бөлімшелері қолданыстағы тетіктерді тиімді пайдалануы қажет, – деді Б.Сұлтанов.
Министрдің айтуынша, тұрақтандыру қорларының шоттары мен депозиттерінде тауарларды сатып алу үшін бюджеттен бұған дейін бөлінген 3 млрд теңге қаражат бос жатыр. Азық-түлік бағасы өскен жағдайда тұрақтандыратын бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдау үшін барлық құралдар мен мүмкіндіктер қарастырылған. Десе де тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану түбегейлі өзгерістерді талап етеді. Б.Сұлтанов баяндағандай, өткен жылы Шымкент қаласында және Маңғыстау облысында тауар интервенциясы мүлде жүзеге асырылмаған.
– Мемлекет басшысы тұрақтандыру қорларының тиімділігі төмен екенін атап өтті. Өңірлік тұрақтандыру қорларында әлеуметтік маңызы бар өнімдердің табиғи резервтерін құру нәтиже бермегендіктен, балама құралдарға көшуді қамтамасыз етуді жүктеді. Осындай балама құралдардың бірі – жеңілдетілген қаржыландыру арқылы сауда желілерін ынталандыру. Біз оны «айналым схемасы» деп атадық. Өңірлерді осы жүйеге қатысуға шақырдық. Алайда бұл құралды Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан басқа ешбір өңір қолданбай отыр, – деді министр.
Баға мониторингі және электронды сауданы дамытуға халықты тарту қажет екені де айтылды. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылуда. Мысалы, Қарағанды қаласында бағаға мониторинг жасайтын PRICE SCANNER мобильді қосымшасы іске қосылды. Бағалар туралы барлық деректер азаматтардан алынған ақпаратқа негізделген.
Министр мұнан бөлек электронды сауда алаңдарын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Мәселен, бүгінде Оңай Базар және Happy food Astana сияқты желілер ашылды. Олар өнімді өндірушіден тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін оңтайландыруға және халық үшін тауарлардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мысалы, дүкендерде картоптың бөлшек бағасы 100-150 теңге болса, электронды алаңдардағы баға шамамен 75 теңгені құрайды, – деді Б.Сұлтанов.
Сонымен қатар Сауда және интеграция министрі хабарлағандай, елімізде тиімді тауар өткізу жүйесі құрылады.
– Тауарларды сақтау мен тұтынушыларға жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құру қажет. Мысалы, көкөністер Көкшетау қаласындағы базарға жеткізілгенше, яғни өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолда 3 есе қымбаттайды. Делдалдар да, бөлшек сатушылар да 87 пайызға дейін жоғары үстеме баға қояды. Ал сақтау мен технологиялық шығындарды ескергенде, баға тағы 52 пайызға өседі, – деді ол. Министрдің айтуынша, тауарларды сақтау мен тұтынушыларға жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құру тиімсіз делдалдар желісінен арылтады және қосылған құнның барлық тізбегі бойынша маржиналдықтың ашық деңгейін белгілеуге мүмкіндік береді. Тиімсіз делдалдарды болдырмайтын отандық тауар өндірушілер үшін өнімді тікелей өткізу арнасы пайда болады. Өнімді сақтау және тиімді бөлу үшін қажетті жағдайлар жасалады.
– Министрлік мемлекеттік органдармен және даму институттарымен бірлесіп Қазақстанда тиімді тауар өткізу жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізуде. Биылғы 15 қаңтарда Премьер-Министр жанынан жаңа жобалық кеңсе құрылды. Ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдар мен Азия Даму банкінің қатысуымен отырыстар өткізуді бастады. Бұл банктің басқа елдерде тауар өткізу жүйесін құру тәжірибесі мол. Қазір банк Өзбекстан мен Қырғызстандағы тиісті жобаларды іске асыруда, – деді Б.Сұлтанов.
Тақырыпты қорытындылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин өткен жылдың қараша айында бағаны тұрақтандыру барысындағы олқылықтар үшін өңір әкімдерінің бірқатар орынбасарлары жауапкершілікке тартылғанын еске салды.
– Қабылданған шаралардың қорытындысында желтоқсан айында әкімдіктер бағаны ұстап тұру бойынша оң өзгерістерге қол жеткізді. Мәселен, өткен жылдың қараша айында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның жиынтық өсімі 1,1%-ды құраса, желтоқсанда бар болғаны 0,1%-ды құрады. Бұл өңірлерде осы бағытта жұмыс істеу үшін қажетті құралдар бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар қаңтар айының қорытындысы бойынша біз тағы да әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының 0,3%-ға өскенін көріп отырмыз, – деді Үкімет басшысы.
Кеңжолақты интернетке 880 ауыл қосылады
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасап, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 5 бағытына тоқталды. Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылдан бастап ІЖӨ 30%-ға дейін өсім береді. 300 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Цифрлы экожүйеге 67 млрд теңге сомасында инвестиция тартылады. Халықтың 97%-ы кеңжолақты интернетпен қамтылады.
– Бұл жоспарлар әлемдік бенчмарк негізінде жасалған. Мысалы, Еуроодақта цифрлы экономика 40% өсім беруде. Ал өндірістік шығындар 5-8%-ға қысқаруда. Барлық мемлекеттік органдармен біз осы жоспарларға қол жеткізуіміз қажет, – деді А.Жұмағалиев.
Қазіргі таңда 117 қала мен 250-ден астам халқы бар 3324 ауыл кеңжолақты интернетпен қамтылған. Өткен 2 жыл ішінде 481 ауыл интернетке қосылыпты, биыл тағы 880 ауыл қосылады деген жоспар бар.
Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы қабылдаған «Мемлекеттік қызметтер туралы» заң негізінде, сонымен қатар ақпараттық жүйелерді интеграциялаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы (580 қызмет) электронды түрде көрсетіледі. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы қағаз құжаттар айналымы 70 млн-ға қысқарған. Көрсеткіштер көңіл көншіткенімен іс жүзінде бірқатар министрлік ақпараттық жүйелерін интеграцияламай отыр.
Министр атап өткендей, интеграция жұмыстарын жеңілдету мақсатында Эстония тәжірибесі зерттелді. Нәтижесінде, 2019 жылдың соңында «Smart Bridge» жобасы іске қосылды. Соның нәтижесінде интеграция мерзімі мен шығындары 3 есе азайды.
Сонымен қатар цифрлы мемлекет құрудың тағы бір механизмі ретінде мемлекеттік органдардың интернет ресурстарының бірыңғай платформасы құрылуда. Оған британдық тәжірибе қолданылған. Ортақ платформа құру нәтижесінде 2 млрд теңге шамасында бюджет қаражаты үнемделеді деп күтілуде. Қазіргі таңда 10 мемлекеттік орган ортақ платформаға көшуге дайын екені анықталып отыр.
– Аса маңызды жобалардың бірі – жер қатынастарын цифрландыру. Басты мақсат – жер телімдерін онлайн беру. Қызмет көрсету үшін Бірыңғай мемлекеттік кадастр жүйесі құрылуда. Жүйе Жер кадастрын, Жылжымайтын мүлік регистрін және аймақтық геопорталдарды біріктіреді. Осы жылдың І тоқсанында Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтөбе қалаларында жерді онлайн беру қанаққақты режімде іске қосылады, – деді министр.
Тақырыпты қорытындылаған А.Мамин Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы цифрландыру саласындағы жұмыстың маңызын атап өткенін, бұл бағыттағы жұмысты жеделдетуді тапсырғанын, былтыр мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялау жоспарының орындалмауына Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Индустрия, Ұлттық экономика және Қорғаныс министрліктері жол бергенін атап өтті.
– Бұл жұмысты ерекше бақылауға алып, оны 1 наурызға дейін аяқтау қажет. Барлық мемлекеттік органдардың басшылары ақпараттық жүйелердің уақтылы бірігуі мен үздіксіз жұмыс істеуі үшін дербес жауапты орынбасарды бекітуі тиіс, – деді А.Мамин.
Премьер-Министр биыл мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруды 90% -дық деңгейге жеткізуді тапсырды. Мемлекеттік органдар қысқа мерзім ішінде мемлекеттік қызметтер тізіліміне қажетті өзгерістерді, оның ішінде 20 мемлекеттік қолдау шаралары бойынша өзгерістерді пысықтап, енгізуі қажет екенін атап өтті.
Үкімет басшысы халықты жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жұмысының ұзаққа созылып кеткенін сынға алды.
– Nur Otan партиясының 250-ден асатын халқы бар елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын іске асыру аясында байланыс операторларымен жұмыс кестесі әлі күнге дейін бекітілмеген. Партия өкілдері мен Парламент депутаттары тарапынан бұл мәселе бойынша сын да айтылды, – деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар Премьер-Министр Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, үздік халықаралық тәжірибелерді пайдалана отырып IT-мамандарын сапалы даярлау жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.