Шымкенттік оқушы шаһар көшелеріндегі көлік қозғалысын реттеуге атсалысты. Осындай атаумен әлеуметтік желіде таралған видео көпшіліктің қызу талқысына түсіп, жас жеткіншектің бұл ісіне желі қолданушылары алғыс айтты.
«Мен осы көріністі өз көзіммен көрдім. Кептелекте ұзақ тұрып қаламын ба деп алаңдап тұрғанымда, жылдам өткізіп жіберді. Көлік жүргізушілері «жарайсың!», деп мақтап жатты», дейді көлік жүргізушісі Асхат Тәжібаев.
Осылайша бір сәтте-ақ шымкенттіктердің ықыласына бөленген өскіннің есімі – Дастан Өміртаев. Ол сол күні жаттығудан үйіне қайтып келе жатыпты. Көше қиылысында бағдаршам өшіп, кептелек туған сәтте жақын маңда полицейлер жоқ екенін түсініп, бірден көмекке ұмтылыпты. Көлік жүргізушілерін өзінің қол қимылдары арқылы бағыттап, жағдайды өз бақылауына алған. Осылайша көше қиылысындағы көлік іркіліссіздігін қалпына келтірген.
«Қалада полицейлер көлік кептелегін қалай реттейтінін бірнеше рет көргенмін. Олардың істегенін қайталадым. Рас, таяқшам мен ысқырығым болмады. Сол үшін бағытты тек қолыммен көрсетіп тұрдым. Кептелектен шыққан көлік жүргізушілері маған бас бармақтарын көрсетіп, алғыс білдіріп жатты», дейді Шымкент қаласындағы №114 жалпы орта білім беретін мектеп оқушысы.
Әу баста, мектеп оқушысының ата-анасы желіде таралған видеоны көргенде қатты уайымдаған. Баласынан келесі жолы мұндай әрекетті қайталамауды сұрапты. Сынып жетекшілері де оқушымен өзара әңгімелескен.
«Дастанның көшедегі адамдарға көмектескені жақсы. Біз оған алғыс айттық. Дегенмен, қауіпсіздік мәселесін назарда ұстауды түсіндіріп, ата-анасымен сөйлестік. Егер де айналасында қандай да бір жағдай бола қалса, шұғыл қызметтерге хабарласу керектігін жеткіздік», дейді №114 жалпы орта мектептің директоры Асқар Өмірәлиев.
Ал мұғалімдері мен сыныптастары 7-сынып оқушысының әрдайым айналасына көмектесуге дайын тұратындығын айтады. Әзірге оқушының бұл іс-әрекеті қоғамның жақсы бағалауына ие болуда. Полицейлер болса, алдағы уақытта видеоны зерттеп, балақайға өз бағаларын бермек.
ШЫМКЕНТ