• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Ақпан, 2020

Талдықорған өндірісі өркендеген қалаға айнала ма?

1048 рет
көрсетілді

Алматы облысының орталығы – Талдықорған қаласында өндіріс орындарының іргесі кеңейіп келеді. Бұл салаға бағытталған инвестиция көлемі де жыл сайын өсіп отыр.

Болжам бойынша, облыс орталығындағы кәсіпорындардың жұмысын жандандыру үшін 2019-2023 жыл аралығында 28,7 млрд теңге инвестиция жұмсалуы тиіс екен.  Өткен жылы бұл бағытта игерілген қаржы 2 млрд теңгені құрапты. Нәтижесінде жаңадан 3 өндіріс орны іске қосылып, 2 кәсіпорынның қуаты артқан. Ал тұрақты жұмыс орынын ашу көрсеткіші қырық жетіге дейін жетіпті. Биыл да өндірісті өркендетуге 6,6 млрд теңге жұмсалмақшы.

Инвестициялық жобалардың арасында бірнеше ірі өндіріс орны бар. Мәселен, «Жетісу Мажико» агрокешеніне қарасты құрама жем дайындайтын зауыт құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Жобаның құны 5,8 млрд теңге шамасында. Алғашқы кезеңде 45 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін 355 жұмыс орынын ашады. Ал керамикалық гранит тақталарын шығаратын «Алмаз керамикс» зауытының жұмысы сәуір айында басталмақ. Инвестициялық жарғылық қоры 13,9 млрд теңгені құрайтын жоба 2023 жылы толықтай аяқталмақ. Алғашқы кезеңнің өзінде 100 адамды жұмысқа қабылдайтын кәсіпорыннан түбінде 338 жұмысшы нәпақасын таппақ.

Сондай-ақ «Талдықорған» индустриалды аумағында іске қосылатын «Лунюань Жетісу» ет өңдеу зауыты мен «Green Technology Partners» серіктестігінің құрғақ жем зауытына да жалпы құны 9 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Биыл «JLC Сүт» зауытының қосалқы цехының құрылыс басталады, ол үшін қала аумағынан 6 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс іске қосылғанда жаңадан 290 жұмыс орыны тағы ашылуы тиіс.