Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалының жанынан құрылған арнайы комиссия шаһардағы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқығын қорғауда арнайы тексеру жүргізіп келеді.
Осы мәселелерді жүзеге асыру мақсатында жетекші партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында да ауқымды жобалар алға қойылған.
Түйіткілді мәселенің түйінін тарқату үшін бүгін Шымкент қаласындағы мүгедектердің өмір сүру деңгейін жақсартудың ұлттық жоспарын талқылау жөнінде дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Қуанышбеков, Шымкент қаласы Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Жұмағали Білісбеков, салалық басқарма басшылары, ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Онда партияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бауыржан Шереханұлы алдағы уақытта «Кедергісіз келешек» жобасы аясында атқарылуы тиіс жұмыстарды тілге тиек етті. Сондай-ақ партия филиалы жанынан құрылған арнайы комиссия тексеру жұмыстарын ұдайы жүргізіп, қалада мүгедектер үшін кедергісіз орта қалыптасуы тиіс екендігін айтты.
«Былтыр қыркүйек, қазан айларында осы мәселені кеңінен талқыладық. Сол жиыннан нақты қандай қорытынды шығарылды? Зерделеу жұмыстарының нәтижесі қаншалықты? Биыл қандай жұмыстарды атқарамыз? Біз нақты істелінген жұмыстарды зерделеп, тиісті құзіретті мекемелерге ұсынуымыз керек. Қалада әлі күнге дейін мүгедектерді оңалту орталықтары және онда мамандар жетіспейді»,- деді партия филиалы төрағасының орынбасары.
Шымкент