Кеншілер астанасында ұйымдастырылған «Қансонар-2020» байқауы аясында тазы тұқымдас иттер арнайы тіркеуден өткізіліп, электронды төлқұжаттар берілді. Игі шара барысында құмай тазылардың жылдамдығы сыналған жарыс өтіп, демеушілер есебінен жиналған 300 мың теңгелік жүлде қоры сарапқа салынды.
Желден жүйрік тазылардың бұл сайысына облыстың түкпір-түкпірінен әкелінген жүзге тарта тазы қатыстырылды.
Жарысты ұйымдастырушылардың бірі, спорт саласының маманы Балғабай Нұрланов аталған сайыстың басты мақсаты республикалық байқауда облыс атынан сынға түсетін жүйрік тазыларды іріктеу екен. «Біздің облысымызда тазы тұқымының сақталуына, оны атадан қалған мұра ретінде әрі қарата дамытуға үлкен мән беріліп келеді», дейді маман.
Жарыс қорытындысы бойынша «Үздік құмай тазы» сынында Нұра ауданынан келген Нұрдәулет Мырзахановтың «Көксұлуы» бас жүлдені жеңіп алды. Арлан тазылар арасындағы сайыста Абай ауданының өкілі Амантай Төлеген қосқан «Майлақ» атты тазы топ жарды. Ұрғашы тазылардың жарысында Қарағандының тұрғыны Мадияр Махатовтың «Ақ желке» деген иті үздік шықты. Сондай-ақ осы тазы жалпы жарыста да озып шығып, иесін бас жүлдеге жеткізді. Ал бір қар басқан күшік тазылар арасындағы жылдамдық сыналған додада нұралық Әлішер Дүйсенбаевтың «Тұйғыны» бас жүлденің иегері атанды.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаттарымен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
ҚАРАҒАНДЫ