Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Дінмұхамед Қонаев ауылының тұрғындары Құрманалиевтер отбасында үшем дүние есігін ашты. Сәбилердің есімін аталары Дәулет жақсылыққа балап, Аман, Есен, Жүрсін деп атапты.
Ерлі-зайыпты Дидар мен Қымбаттың Диляра және Дария есімді екі қызы бар. Енді екі қыздың артынан үш баланың ергені Құрманалиевтер отбасы үшін үлкен қуаныш болып отыр.
Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов үшемнің туған ауылына арнайы барып, Құрманалиевтер әулетін құттықтады. Өз сөзінде әкім әуелі балалардың денсаулығы мен амандығы маңызды екенін атап өтіп, әкімдік тарапынан балаларға тиісті жағдайдың жасалатынын жеткізді. Сонымен қатар Аман, Есен және Жүрсіннің дүниеге келу құрметіне жас отбасына балалар арбасын сыйға тартты. Ал балалардың ата-анасы Дидар мен Қымбат екеуі жылдың жақсылықпен басталғанын айтып, әкімдікке және дәрігерлерге алғысын білдірді.
Қазіргі кезде үшемнің денсаулығы жақсы. Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасы мен Дінмұхамед Қонаев ауылдық дәрігерлік емханасы тарапынан сәбилерге қажетті көмектің бәрі де көрсетілуде. Жас отбасын қуанышқа бөлеген балалардың үлкен азамат болып өскенін Құрман алиевтер әулеті де, ауылдағы тұрғындар да тілеп отыр.
Жамбыл облысы