Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік кәсіпкерлік өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында бұл саланың ахуалы мен оны әрі қарай дамыту перспективалары талқыланған болатын. Әлеуметтік кәсіпкерліктің күнгейі мен көлеңкесін кездесуде кеңінен жеткізген «Best for kids» қоғамдық қорының вице-президенті Эмин ӘСКЕРОВ бізге сұхбат беріп, алған әсерімен бөліскен еді.
− Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, Президентке еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жайында әңгімеледіңіздер. Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік ұғымы қоғамда қаншалықты өзекті?
− Әлеуметтік кәсіпкерлікті елдегі әлеуметтік саладағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған бастама деп қабылдауға болады. Егер бизнес қаражат табуды мақсат етсе, әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік салаға бағытталған кәсіп ашуды, сол арқылы әлеуметтік топтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етпек. Біз үшін коммерция екінші орында. Біздің орталық жұмыспен қамту мәселесіне басымдық береді. Оның ішінде әлеуметтік осал топтарды оқытуға көңіл бөліп отырмыз. Бүгінде 62 адамды жұмысқа орналастырдық. Оның ішінде 50-ге жуығы әлеуметтік осал топтарға жатады. Негізгі айналысатын салалардың қатарында киім тігу, жиһаз жасау, полиграфия, тамақ өнімдері, декорация жасау, саңырауқұлақ өсіру сынды бағыттар бар. Елорданың қақ ортасында орналасқан «Магия вкуса» атты кафенің ашылғанына 3 күн ғана болды. Бұл жерде 16 адам жұмысқа орналасса, оның 8-інің құлағының мүкістігі бар, 4-еуінің менталдық бұзушылықтары бар жандар. Біз бұл кісілерге қоғаммен етене араласып, өмірден өз орындарын табуға, ортаның толық мүшесі екенін сезінуге мүмкіндік жасаймыз.
− Мемлекет басшысымен кездесу барысында елімізде енді қалыптасып келе жатқан әлеуметтік кәсіпкерлік саласындағы келелі мәселелер айтылды ма?
− Президентпен болған кездесуден алған әсерім ерекше. Себебі Мемлекет басшысы еліміздегі және өзге мемлекеттердегі әлеуметтік кәсіпкерлік саланың қалыптасуы мен дамуы жайында кеңінен ақпарат берді. Өз басым бұл саладан жан-жақты хабардар екеніне қайран қалдым. Президент өз сөзінде елімізде енді бастау алған бұл саланың дамуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалатынын айтты. Биыл күзде Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен әлеуметтік кәсіпкерлердің бірінші республикалық форумы өткізілетін болды. Бұл бастама әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына негіз болып, алдағы уақытта атқарылар жұмыстардың ұйытқысы болады деген сенім ұялады.
Қазір Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 250-дей әлеуметтік кәсіпорын бар. Ресми емес ақпарат бұл көрсеткіштің әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Десе де, бұл салада қарқынды даму үдерісі соншалықты байқалмайды. Қоғам тарапынан серпіліс керек. Сонымен қатар бұл сала мемлекеттің қолдауына зәру екенін айтқым келеді. Мемлекет басшысының қабылдауынан кейін кәсіпкерліктің бұл түрі екінші тынысын ашып, жаңа қарқынмен дамиды деген сенімдемін. Соның ішінде әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысатындарға несие алуға я болмаса өзге де жеңілдіктер қарастырылса деген тілегіміз бар.
− Бірнеше жобалар қатарынан жүзеге асырылып жатыр. Қаржыландыру мәселесі жайында айтып берсеңіз?
− Әзірге жобаларды өз қалтамыздан шыққан қаражатқа жүзеге асырып жатырмыз. Сырттан инвесторлар тартылып жатыр деп айта алмаймын. Десе де, бұл бастама көрші Ресейде жақсы дамып, заң аясында түйткілді мәселелер екшеліп қойған. Батыста әлеуметтік кәсіпкерліктің дамығанына 40 жылға жуық уақыт болса, бізде бұл түсініктің қалыптасқанына 5-6 жылдың ғана жүзі болды. Бірақ біздің халық − қайырымды, мейірімді. Таным-түсінігімізде қалыптасқан ұғым бойынша ешкімнің кеудесін қақпай, керісінше қолтығынан демеу қалыпты үрдіс, адамгершілікке жататын іс. Сондықтан қайырымды қоғам барда әлеуметтік осал топтар ортаға тез бейімделеді. Бізді қоғам, азаматтық орта қолдауға дайын екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде жоғарыда атап өткен бастамаларымызды жалғастыруды жоспарлап отырмыз.
Әңгімелескен
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»