• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2020

Қордайдағы қақтығыс: айыптылар анықталуда, жағдай бақылауда

2283 рет
көрсетілді

Жұма күні кешқұрым Жамбыл облысының Қордай ауданы Масаншы ауылы тұрғындарының арасында топтық төбелес орын алды. Қазақтар мен дүнгендер арасындағы келіспеушіліктің соңы жанжалға ұласқан. Масаншыдағы қақтығыс туралы түрлі бейнетүсірілімдер мен ақпараттар сол күні-ақ кешке қарай әлеуметтік желілерде тарап кетті. Ел арасында дүнгендердің 80 жастағы қарияны балаларымен қоса ұрғаны, төбелестің содан басталғаны жайлы да әңгімелер болды. Алайда, мәселенің мәнісі әлі де анықталу үстінде. Полицияның күшімен ауылдағы төбелес тоқтатылып, жағдай бақылауға алынды. Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, облыстық Тергеу басқармасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293-бабы, яғни бұзақылық бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, өзінің Twitter-дегі парақшасында «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазған болатын. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы қақтығыс кезінде қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, Үкімет комиссиясын құруды тапсырғанын, комиссия болған оқиғаның себебін анықтайтынын жеткізді. «Бейбітшілік пен қоғамдық келісім – біздің мемлекетіміздің берік негізі. Халқымыз қиын-қыстау замандарда өзінің біртұтастығын сақтап қалған. Сондықтан біз кейбір азаматтарға, соның ішінде арандатушыларға еліміздің басты құндылығын – ынтымақ-бірлігімізді бұзуға жол бермейміз. Бұл еліміздегі барша азаматтарға ортақ тілек деп санаймын. Азаматтарды жалған қауесеттерге бой алдырмауға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысында құқық қорғау органдарына көмек беруге шақырамын. Мемлекеттік органдар туындаған мәселелерді шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды», деді Президент.

  Қазіргі кезде қақтығысты бастаушылар мен қатысушылар анықталу үстінде. Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтардан тек ресми ақпаратқа ғана сенуді, қауасеттер мен түрлі жалған ақпараттарды таратпауды сұрап отыр. Өйткені, түрлі әлеуметтік желілерде өтірік-расы беймәлім түрлі ақпараттар мен бейнежазбалардың тарап кеткені белгілі. Қордай ауданы, Масаншы ауылында орын алған төбелес бойынша Нұр-Сұлтан қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Қазақстан Республикасының ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаевтың қатысуымен брифинг өткен болатын. Осы жерде алыпқашпа әңгімелерге жол берілмеу керектігі тағы да айтылып, халыққа нақты мәліметтер берілді. «7 ақпанда сағат 19:00-да Жамбыл облысының полиция департаментінің кезекші бөліміне Қордай ауданының Масаншы ауылының жанында 70-тен астам адам төбелесіп жатыр деген ақпарат келіп түсті. Заңсыз әрекеттерді тоқтату үшін оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жіберілді. Сол жерде болған адамдар төбелесті видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратқан. Нәтижесінде, басқа ауылдардан келген 300-ден астам азамат төбелеске қосылып кетті. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, таяқпен ұрып, қару қолданды. Нәтижесінде 8 адам қайтыс болды. 40 адамнан астам жарақат алды. Арасында қарудан зардап шеккендер де бар. Жағдайды тұрақтандыру үшін оқиға орнына ішкі істер органдарының қосымша күштері жіберілді», деді Ерлан Тұрғымбаев. Қазіргі кезде Масаншы ауылында болған жағдайдың себебін анықтау үшін жедел тергеу тобы құрылған. Сол бойынша жұмыстар атқарылуда.

  Сонымен қатар, Дәурен Абаев Қордай ауданындағы жағдай туралы ақпарат бергенде журналистерді объективті болуға шақырды. «Азаматтарды алаңдататын, елді шулататын мәлімет бермеуді сұраймын. Байқасаңыздар, мына жанжал ең басында тек бір ауыл деңгейінде болған. Алайда уатсап, телеграмм сияқты мессенджерлер мәселені қоздырған. Жағдайды ушықтырған. Нәтижесін көріп отырсыздар. Бірнеше адам қаза тапты, жарақат алды. Қаншама үй-жай өртенді. Сондықтан, ұмытпау керек, әрбір таратқан ақпаратқа жауап береміз. Бұл да айтылған сөз сияқты қайтара алмайсыз. Сондықтан аудио-видеоны таратқанда абай болыңыздар. Сіз таратқан ақпараттан кінәсіз біреудің зардап шекпеуін ойлау қажет. Осы тұста тек журналистерге ғана емес, еліміздің әрбір азаматына ескерткім келеді. Біз «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», деген Абайдың еліміз ғой. Асығыс шешім қабылдамайық. Сабыр сақтайық. Бұл жанжалды бастағандар ешқайда қашып құтыла алмайды. Қазір интернет, барлық әлеуметтік желілер, мессенджерлер мониторинг жасалуда. Ол жерде видео-аудио хабарлардың барлығы қаралатын болады. Қазірдің өзінде бірнеше қолданушылар анықталып отыр. Олар ұлтаралық араздықты қоздыратын хабарлар таратқан. Ол мәліметтер құқық қорғау органдарына беріледі», деді Дәурен Абаев. Ал, Болат Дембаев бұл жағдайдың Бас прокурордың да бақылауында екенін, жағдайды тұрақтандыру мақсатында  жұмыстар атқарылғанын айтты. Сонымен қатар, жалған ақпарат тарату заңғай қайшы әрекет екенін, мұндай жағдайда адамдардың жауапқа тартылатынын атап өтті.

Қордай ауданында орын алған қайғылы жағдай бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Ал, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған жергілікті тиісті басшылардың бәрі де бүгінде оқиға орнында. Қазіргі кезде өңірде жағдай тұрақты. Жанжалдың қандай жағдайдан шыққаны, оны кімдердің бастағаны анықталуда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жамбыл облысының әкімдігі Үкіметтік комиссиямен бірлесіп, қаза болғандарды жерлеу, зардап шеккендерге көмектесу жұмыстарын ұйымдастырады.

 

Жамбыл облысы