Жамбыл облысының Қордай ауданында болған қақтығысқа байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқиға салдарын жою мақсатында Үкімет комиссиясын құруды тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасы бойынша бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына арнайы келді.
Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының орталығы Қордай ауылындағы ауруханаға барып, топтық төбелес кезінде зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті. Комиссия төрағасына медициналық мекемелерге 12 адамның жатқызылғаны, 20 адамның бақылауда және емханадан шығаруға әзірленуде екені баяндалды. Сонымен қатар 5 пациент санитариялық авиация желісі бойынша Алматы қаласына, 1 пациент Тараз қаласына ауыстырылған. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Жалпы, медициналық көмекке барлығы 127 адам жүгінген, оның ішінде 84 адам тексеруден соң үйлеріне қайтарылған.
Қордай ауданында болған Бердібек Сапарбаев жергілікті ақсақалдармен де кездесіп, болған қақтығыстың негізгі себептері туралы сұрады. Бұл ретте Сортөбе ауылының тұрғыны Арли Мусаров мұның тұрмыстық кикілжің екенін, қазір жағдайдың тұрақты екенін айта келіп, барлығы да заң бойынша, құқықтық сала аясында болса екен деген тілегін жеткізді. Бердібек Мәшбекұлы аудандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Президент тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына арнайы келгенін атап өтті.
«Біз сіздерден, қоғамда беделі бар ақсақалдардан тұрғындарға біздің жағдайды объективті тұрғыда анықтау үшін келгенімізді түсіндірулеріңізді өтінеміз. Кінәлілер жазасын тартады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және басқа да көмек көрсетіліп жатыр. Қазір басты мәселе – өңірдегі тұрақтылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету» деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл өңіріне арнайы келген Үкімет комиссиясы Қордай, Масаншы, Ауқатты, Сортөбе елді мекендеріндегі қазіргі жағдаймен танысты. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесіп, тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралады. Оқиға кезінде қайтыс болғандардың отбасыларымен кездесті. Сонымен қатар Үкімет комиссиясы жергілікті жерде әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәселелерді шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдады. Комиссия Президент тапсырмасы негізінде Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыру, келтірілген залалды бағалау және зардап шеккен меншік нысандарын қалпына келтіру бойынша жұмыс атқаратын болады.
Жамбыл облысы