• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Үкімет 10 Ақпан, 2020

Ел бірлігін бұзуға жол берілмейді

360 рет
көрсетілді

Жұма күні Жамбыл облысының Қордай ауданы, Масанчи ауылында тұрмыстық деңгейдегі кикілжіңнен басталған оқиға жаппай тәртіпсіздік пен топтық төбелеске ұласты.

Осыған байланысты арнайы мәлімдеме (мәлімдеме мәтіні жеке беріліп отыр – ред) жасаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен тиісті мемлекеттік органдарға шұғыл тап­сырма беріп, азаматтардың қауіп­сізді­гін қамтамасыз етуді тапсырған бола­тын. Оқиға сол күні полиция күші­мен тоқтатылып, жағдай толық бақы­лауға алынды. Қазір онда вице-премьер Бердібек Сапарбаев бас­та­ған Үкіметтік комиссия жұмыс іс­теп жа­тыр. Бүгінде ауылдағы жағ­дай тұ­рақ­талғандықтан, аласапыран­да үй­лерінен кетуге мәжбүр бол­ған тұр­ғын­дар қайта оралып, қауіп­сіздіктері қам­та­масыз етілгені үшін Мемлекет бас­шы­сына ризашылықтарын білдіруде.

Айта кетейік, арандатушылардың әлеуметтік желіде таратқан хабар­ла­маларының кесірінен, аталған ауылда дүнгендер мен қазақтар арасындағы кикілжің жаппай төбелеске ұласты. Өкінішке қарай, оқиға салдарынан материалдық қана емес, адам шығы­ны да болды. Жамбыл облыс­тық полиция департаментінің мәліме­тінше, облыстық Тергеу басқар­масы Қазақстан Республикасы Қылмыс­тық кодексінің 293-бабы, яғни бұза­қы­лық бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Қазіргі кезде қақтығысты бастаушылар мен қатысу­шылар анықталу үстінде. Жамбыл облысының полиция департаменті азаматтардан тек ресми ақпаратқа ғана сенуді, қауесеттер мен түрлі жалған ақпараттарды таратпауды сұрап отыр. Өйткені түрлі әлеуметтік желілерде өтірік-расы беймәлім ақпа­раттар мен бейнежазбалардың тарап кеткені белгілі.

Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айрықша назар аударып, өзінің Twitter-дегі парақ­шасында «Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәр­тіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады», деп жазды. Сондай-ақ Президент қайғылы жағдайға жол берген мемлекеттік орган қызметкер­лері мен арандатушылар жауапқа тартылатынын, зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін де атап айта отырып, отандастарымызға азаматтық жауапкершілік ұстанымдары үшін ризашылық білдірді.

Қордай ауданында орын алған оқиғаның салдарын жою мақсатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылған болатын. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Ми­нистрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет комиссия­сы Жамбыл облысына арнайы келді. Бер­дібек Сапарбаев Қордай ауданының орталығы Қордай ауылындағы ауру­ханаға барып, топтық төбелес кезінде зардап шеккен тұрғындармен сөйлесті.

Комиссия төрағасына ме­ди­ци­налық мекемелерге 12 адам­ның жат­қызылғаны, 20 адамның бақылауда екені және емханадан шығаруға әзірлік жүріп жатқаны баяндалды. Сонымен қатар 5 па­циент санитариялық авиация желісі бойынша Алматы қаласына және 1 пациент Тараз қаласына ауыс­­ты­рылған. Барлығына қа­жет­­ті меди­ци­налық көмек то­лық көлемде көр­сетілуде. Жал­пы, медициналық көмек­ке бар­лы­ғы 127 адам жүгінген, оның ішін­де 84 адам тексеруден соң үй­леріне қайтарылған.

 Барлығы заң аясында қарастырылады

Қордай ауданында болған Бердібек Сапарбаев жергілікті ақса­қалдармен де кездесіп, орын алған қақтығыстың негізгі се­беп­тері туралы сұрады. Бұл рет­те Сортөбе ауылының тұр­ғы­ны Арли Мусаров мұның тұр­мыс­­тық кикілжің екенін, қазір жағ­дай­дың тұрақталғанын айта ке­ліп, барлығы да заң бойынша, құ­қықтық сала аясында болса екен деген тілегін жеткізді. Берді­бек Мәшбекұлы аудандағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Президент тапсырмасы бойынша Үкімет комиссиясы Жамбыл облысына арнайы кел­генін атап өтті. «Біз сіздерден, қо­ғам­да беделі бар ақсақалдардан тұр­ғындарға біздің жағдайды объек­тивті тұрғыда анықтау үшін кел­генімізді түсіндірулеріңізді өті­неміз. Кінәлілер жазасын тартады. Барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық және бас­қа да көмек көрсетіліп жатыр. Қазір басты мәселе – өңірдегі тұрақ­тылықты, құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету», деді Бердібек Сапарбаев. Жам­был өңіріне арнайы келген Үкімет комиссиясы Қор­дай ауданын­дағы, Масанчи, Ауқатты, Сор­төбе елді мекендеріндегі қазір­гі жағдаймен де танысты. Соны­мен қатар жергілікті тұрғын­дар­мен кездесіп, тұрғын үй­лер­ді, әлеуметтік және коммер­ция­­­­лық нысандарды аралады. Оқиға кезінде қайтыс бол­ған­­дар­дың отбасыларымен кез­де­­с­ті. Сонымен қатар Үкімет комиссиясы жергілікті жерде әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық сипаттағы мәсе­лелерді шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдады.

Бердібек Сапарбаев сенбі күні түнде Қордай ауданындағы Ма­санчи, Сортөбе, Қарасу, Қара­кемер ауылдарын аралап, түн­гі уақыттарда қауіпсіздік пен құ­қықтық тәртіптің қамтамасыз етілуін тексерді. Сондай-ақ Қарасу және Сор­төбе шекара пункттерінің, оның ішінде санитариялық-эпи­демиологиялық қызметтердің жұмыс барысын да көріп, аудан­дағы қауіпсіздікті қамтама­сыз ететін құқық қорғау орган­дары­ның жеке құрамымен сөйлесті. Үкі­мет комиссиясы жергілікті жер­дегі жағдайды бақылау үшін Жамбыл облысында болады. Пре­зидент тапсырмасы негізінде Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп, қаза тапқандарды жер­леуді ұйымдастыру, келтірілген залал­ды бағалау және зардап шек­кен меншік нысандарын қалпына келтіру бойынша жұ­мыс атқарады. Ал Жамбыл облы­сы­ның әкімі, Үкіметтік комис­сия­ның мүшесі Асқар Мырзах­метов бастаған жергілікті басшылардың бәрі де бүгінде оқиға орнында.

 Ауылдағы жағдай тұрақталды

Қазіргі кезде өңірде жағдай тұрақты. Ел ағалары, жергілікті тұрғындар көпшілікті сабырға шақырып, арандатушылыққа ермеуге үндеді. Қордайлық қа­рия­лар тұрмыстық мәселені ел көлеміндегі мәселе етіп көр­сету­дің қажет емес екенін айтуда. «Сабырға келейік, тәртіп сақта­йық. Халқымыз, жастарымыз аман болсын. Бәріміз тыныш­тықта өмір сүрейік», дейді аудан тұрғыны Әли Қалпақов. Жергі­лікті тұрғындарға да жағдай­дың қалыпты екені, енді тәртіп­сіздіктің болмайтыны, бәрінің ба­­қы­лауда екені түсіндірілуде. Ауылда қазір тыныштық орнаған. Көшеде мезгілсіз жүрген көліктер де, адамдар да көрінбейді. Жер­гі­лікті жұртшылық Президент пәр­менімен Үкіметтік комис­сия­­ның құрылғанын, жағдайды бақылауға алғанын құптап, риза­шы­лықтарын білдіруде.

Президентке алғыс айтамыз

Арли Мусаров,

Қордай ауданы, Сортөбе ауылының тұрғыны:

– Қордай ауданында тұрмыс­тық жағдайдан туындаған қақ­ты­ғыстың соңы қайғылы жағ­дай­лармен аяқталды. Бұл өте өкі­нішті. Ауылдағы жағдай бүкіл елге тарады. Алайда, елдің басына осындай қиын жағдай келіп жатқанда, ел ағаларының көп көме­гін көрдік. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен дер кезінде құрылған  Үкіметтік комиссия ауылдарды аралап, тұрғындармен кездесуде. Істің мән-жайына үңіліп, аудан ахуалын жіті бақылауға алды. Әрдайым тұрақтылық пен татулықты ту етіп жүрген қазақ елінің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтамыз. Қазір ауылда дүрбелең басылды. Жағдай тұрақты. Мемлекет тара­пы­нан көпшіліктің қауіпсіз­дігі үшін тиісті жұмыстар ат­қа­ры­луда.

Талай жылдан бері Қордай жерінде өмір сүріп келеміз. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан қазақ халқымен бірге бір елде, бір жерде тұрамыз. Халыққа ең бірінші тыныштық пен бей­бітшілік керек. Қазақ елінің бей­­бітшілік саясаты Қордай ауда­нында болған оқиға кезінде де жоғары деңгейде көрініс тап­ты. Халықты сабырға шақырып, жол көрсеткен, елге барлық мүм­кін­дікті жасаған Президентке рах­мет! Бұл – тұрмыстық кикіл­жің. Енді барлығы да заң бойынша, құқықтық сала аясында реттелсе екен деймін. Мұндай жағдай енді қайталанбасын деп тілеймін. Елімізде тек тыныштық болсын!

                                    

Айша Идыбо,

облыстық «Вынхуа» дүнген мәдени ассоциациясының төрайымы:                                                                         

–  Екі-үш күннен бері елдің бә­рін әбігерге салып жатқан ел ішін­­дегі дүрбелең басылды. Талай жылдан бері тату-тәтті күн ке­шіп келе жатқан елдің арасын­да осын­дай келіспеушілік бола­ды деп ойлаған жоқпыз. Адамдар­дың қашанда тілейтіні тыныш­тық қой. Біздің де тыныштықта, бей­біт­шілікте өмір сүргіміз келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл шешім қабылдап, Үкіметтік комиссияны Қор­дайға жіберді. Мұнда тәртіп сақ­шылары да жағдайды ретке кел­тіруде. Ауылымыз қайтадан бая­ғы қалпына келіп, халық баяғы­дай алаңсыз өмір сүре бас­тады. Әсіресе балалардың қауіп­­сіздігі бірінші орында бол­ғаны қуантады.

Бүгінде ауылдағы жағдай қал­пына келді. Адам шығыны болды. Ал комиссияны бастап келген Бердібек Сапарбаев жергілікті халық­пен кездесіп, өртелген үйлер­дің қалпына келтірілетінін, барлық шығынның өтелетінін айтты. Халықты сабырға шақы­рып, дәл қазір алаңдауға ешқан­дай да негіз жоқ екенін мәлім­деді. Шынында да полицейлер тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін қорғап, күні-түні жұмыс атқару­да. Ол үшін мемлекеттің басында отырған азаматтарға алғыс айтамын. Елдің арасы қашанда бейбіт болсын деп тілеймін. Азамат­тар­ды тәртіпке бағынып, сабыр сақ­тауға, тыныштықпен өмір сүруге шақырамын. Енді мұндай жағдай қайталанбайды деп сенемін.

 Бұзылған үйлер қалпына келтіріліп, көмек көрсетіледі

Сенбі күні түнде Жамбыл облысы­ның Қордай ауданында құқықтық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тұрақталды, ауыл­дықтардың өмірі қалыпты арнасына түсуде.

Үкімет комиссиясы жұмысы­ның екінші күнін ауылдар мен шекара маңы өткізу пункттерін аралаудан бастады.

«Қарасу» шекара бекетінде адамдар жоқ, ал Қырғызстаннан келген адамдар кезегі «Ауқатты» пункттінде пайда болған. Бұлар – осыған дейін көршілес респуб­ликаға кетіп қалып, енді үйлеріне оралып жатқан қазақстандықтар. Олардың ішінде әйелдер мен балалар көп.

Бердібек Сапарбаев отандас­тарымыздан сабырлық сақтап, арандатулардың ықпалында кет­пеуді сұрады.

«Сіздерден арандатуларға ермеуді сұраймыз. Бұзылған бар­лық үйлерді біз қалпына кел­тіреміз, отбасыларға көмек көр­­сетеміз. Біздің мамандар жұмыс істеп жатыр, залалды бағалауда. Барлығыңызға тағы айтары­мыз, кетіп қалған, қазір Қы­рғыз­станда өз туыстарын пана­лап жат­­қан жақын-жуық­тары­ңызға ел­ге қайту керек­тігін жеткіз­сеңіз­дер», – деді Б.Сапар­баев өткізу пункттін­де жиналған қауым­ға. Ол сон­дай-ақ өткен тәулік ішін­де еш­қандай оқиға да, құқық бұзу­шы­лық та болмағанын, жағдай тұрақ­тал­ғанын атап көрсетті.

Айта кетейік, елге оралып жат­қан қазақстандықтар шекарадан жеңілдетілген режімде өтеді.

Үкіметтік комиссия Сортөбе және Масанчи ауылдарында болып, қаза тапқандардың отбасыларына барып көңіл айтты.

«Президент Қ.К.Тоқаев пен Үкі­­меттің атынан шын қайғырып кө­ңіл айтамыз. Біз сіздерді бұл қиын­­­­­­дықта қалдырмаймыз, қауіп­­сіз­діктеріңізді қамта­ма­сыз ете­міз. Отбасылары­ңызға кө­­мек­­­­те­семіз, мемлекет сіздерді қол­­­­дай­­­­тын болады», деді Б.Сапарбаев.

Қаза тапқандардың туған-туыс­тары мен жергілікті тұрғын­дар биліктен кінәлілерді тауып, жазаға тартуды сұрады.

Сонымен қатар вице-премьер тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тұрғын үйлерді, әлеуметтік және коммерциялық нысандарды аралап көрді.

«Мемлекет басшысы отба­сылар­ға барлық қажетті көмек­ті және қолдауды көрсетуді тап­сырды. Комиссия құрамын­да Ин­дус­трия және инфрақұры­лым­дық даму бірінші вице-министрі Қ.Өс­кенбаев келді. Қазір мамандар келтірілген зардапты бағалап жа­тыр, барлығы қолданыстағы заңна­маға сәйкес қалпына келтірілетін болады», деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар Үкімет комис­сиясының мүшелері жерлеу рәсімдеріне қатысты.

 

Жамбыл облысы