• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Ақпан, 2020

Мектеп бағдарламасына енгізіледі

331 рет
көрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ күресі федерациясының пре­зи­денті Дәурен Абаев пен бас хатшысы Бақдәулет Сәбитов федерация тарапынан «2016-2021 жылдарға арналған қазақ күресін дамыту» бағдарламасы аясында биыл қолға алынатын бірқатар жоба туралы баяндады.

«Қазір қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. Ол оқу бағдарламасында қазақ күресінің әліп­биінен бастап, өзіндік спорт түрі ретін­де барлық қырлары, оқыту жолдары қамтылған. Алдағы оқу жылдары қанатқақты жоба ретінде Нұр-Сұлт­ан қаласының 5 мектебінде дене шынық­тыру пәндеріне қазақ күресі енгізіледі. Барлық мектепке қазақ күресі сабағын енгізу үшін мамандар тапшылығы бай­қалуы мүмкін», дейді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, осы ретте мамандар дайындайтын қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырғанын айтты.

«Сондықтан біз мамандар даярлайтын Қазақ күресі академиясын ашуды жоспарлап отырмыз. Академия маман­дарды ғана оқытып қоймай, төреші­лер­дің біліктілігін арттыру, ұлттық күрес­тің ғылыми-практикалық тұрғыда зерттелуін қамтамасыз етеді. Барлық әлемдік спорт түрлері сияқты қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерделеуіміз керек. Солай ғана төл күресімізді әлемдік деңгейге көтере аламыз. Қазір халықаралық аренада қазақ күресінің атауын өзгерту туралы жиі айтылып жүр. Осы орайда біз зерттеуші ғалымдар тобына қазақ күресіне қатысты терминдерді жүйелеуді тапсырып отырмыз», деді федерация президенті.

Қазақ күресі федерациясының бас хатшысы Бақдәулет Сәбитовтың айтуын­­ша, биылғы «Қазақ күресінен 2020 жылға арналған спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай ре­с­пуб­ли­калық күнтізбесінде» бала­лар, жасөспірімдер, жастар және ересек­тер арасында 104 спорттық шара ұйым­дастыру жос­пар­ланған. Оның ішінде, «Бала балуан» турнирі, Қазақстан оқу­шылар гим­назиядасы, Қазақстан колледж студент­тері арасындағы спартакиада, қазақ күресінің бір тармағы саналатын белдесуден «Қазақ Арланы», «Дала Арланы» сияқты спорттық шаралары тұңғыш рет өткелі тұр.

Ал ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты мен «Қазақстан барысы», «Халық барысы», «Еуразия барысы» жобалары және республикалық ірі турнирлер жыл сайынғы дәстүр бойынша тұрақты түрде ұйымдастырыла бермек.