• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Ақпан, 2020

Орал театрында поляк драматургінің шығармасы сахналанды

671 рет
көрсетілді

Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры поляк драматургы Славомир Мрожектің «Мен» (Шекарадағы үй) атты қойылымын сахналады. Туындыны орыс тілінен аударған – мәдениет саласының ардагері Құжырғали Төлеуішов.

Театр директоры Салтанат Әбілғазиеваның айтуынша, белгілі драматургтің шығармасы қазақ тілінде тұңғыш рет қойылып отыр. Пьесаны қазақ тіліне аударған Құжырғали Төлеуішов – бұған дейін де көптеген шығарманы тәржімелеген тәжірибелі маман. Қойылымды сахналауға Алматы қаласынан Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық балалар және жасөспірімдер театрының режиссері, танымал актер Данияр Базарқұлов тартылса, суретші Тамара Охикян Грузия елінен арнайы келген.

- Біз осы шығармада театр өнерінде бұрыннан қалыптасқан стеоротиптерді бұзуға тырыстық. Біздің мақсатымыз – фестивальге қатысатын, өнер мамандарының назарын аударатын қойылым қою, – деген еді премьера алдында Салтанат Мақсотқызы.

Айта кетейік, «Мен» - Орал театрының тізгінін ұстағанына көп уақыт өтпеген Салтанат Әбілғазиеваның тұсында сахналанып отырған екінші қойылым. Бұдан бұрын жас ақын Мәрлен Ғилымханның қаламынан шыққан тұңғыш драматургиялық шығарма - «Жусан» психологиялық драмасы да жаңашылдыққа бағыт бұрған еді. Жаңа басшының театр жұмысын ұйымдастырудағы жаңалығы, жарнама, менеджмент тәсілдерін жолға қойғаны байқалады.

- Қойылымда қоғамдағы, әлемдегі және отбасы ішіндегі мәселелер қамтылады. Шағын шаңырақтың ішіндегі трагедия спектакльдің финалында әлемдік дәрежеге көтеріледі. Біз бұл шығармамен жаңалық ашқымыз келді, - деп мойындайды режиссер Данияр Базарқұлов. Данияр Жоламанұлы еңбек жолын дәл осы Орал театрынан бастап, кейін Орта Азия елдері театрлар фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» сыйлығын, Әшірбек Сығайдың 70 жылдығына арналған Қазақстан театрларының XXV республикалық фестивалінде «Ең үздік режиссерлік шешім» сыйлығын жеңіп алып, танымал театр маманына айналып келе жатқан жас шебер екені рас. Өзіне етене таныс театр ұжымымен тіл табысып, діттеген ойы мен идеясын актерлар арқылы көрерменге барынша жеткізуге тырысқаны көрініп тұр.

Грузиядан келген қоюшы суретші Тамара Охикян бұдан бұрын да халықаралық өнер сайыстарында көзге түсіп жүрген танымал шебер екен. Айта кетейік, «Мен» қойылымында ең көзге түскен, көрерменді бірден өзіне тартқан – дәл осы сахналық көрініс дер едік. Қойылымның өн бойында декорация өзгермей тұрса да, тіпті әдеттегі ашылып-жабылатын дәстүрлі шымылдық болмаса да көрініс жалықтырған жоқ.

- Адам болған соң әркімнің өзіндік ойы, өзіндік пікірі, өзіндік кеңістігі болады. Мейлі ол айлапат, зәулім сарай ма, құрқылтайдың ұясындай құжыра ма, лапас па, бұрыш па, тіпті кеудеңнің ішіндегі, жүрегіңнің түкпіріндегі титтей қуыс па, әйтеуір өзіңе қымбат ең-ең деген жан сезімің, болмысың, титтей ғана еркіндігің тұратын пана, ұя болады. Сол жерде ғана адам алаңсыз тыныс алады. Сол кішкентай ғана алаңшаңа ешкімнің қол сұққанын қаламайсың. Ал бұл қойылымда сол өзегіңе, өзіндік «МЕН»-іңе қол сұқпақ түгілі баса көктеп кіріп, өз үйің, өлең төсегіңе шейін билеп-төстеп кеткен трагедиялық тағдырды көрдім, - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дариға Мұштанова.

- Қойылым адами құндылықтардың бастан аяқ аударылып кеткені туралы деп ұқтым. Құндылықтар жоғалған жерде адамның өзіндік «мені» де, мән де жоғалады. Адамның өзі жоғалады. Үй иесінің аласұруының себебі де осы. Адам ретінде оның ақылына қонбайтын, мүлдем олай болуы тиіс емес оқиғалар орын алды. Бұл бас кейіпкердің шарасыздығы, әлеуметтік проблема ғана емес, одан да терең, экзистенция, метатаным жаққа қарай әкететін дүние, - дейді тағы бір көрермен, педагогика ғылымдарының докторы Светлана Бақышева. Светлана Меңдіғалиқызы жаңа қойылымнан режиссура мен сценографияның біртұтас гармониясын көргенін айтып, театр ұжымына сәттілік тіледі.

Қойылымның басты рөлін сомдаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов, мәдениет саласының үздіктері Теміржан Матаев пен Эльмира Мақашева, бас кейіпкердің әйелі Тоғжан Ғабдолова, төрт дипломат, кеден қызметкерлері – бәрі-бәрі күнделікті айналамызда болып жатқан оқиғаларды басқа көзбен қарауға мәжбүр етті.

Жаңа қойылымның екі күндік премьерасы аншлагпен өтті. Қойылымның аудармашысын, режиссері мен суретшісін арнайы қабылдаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев провинциялық театрдың еліміздің танымал өнер ұжымдарымен, шетелдік театрлармен әріптестік байланысына қолдау білдірді.

Суретті түсірген Виктор ПРЕДЫБАЙЛО