Елордада шайбалы хоккейден 2022 жылы Қытайда өтетін қысқы Олимпия ойындарына іріктеу турнирі мәресіне жетті. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан құрамасы Олимпиада жолдамасынан тыс қалды.
«Барыс Аренада» өткен «Н» тобындағы бәсекелерде біздің хоккейшілер алғашқы екі ойында қарсыластарынан ірі есеппен басым түскенімен, соңғы ойында Польша құрамасына есе жіберді. Бірінші матчта Андрей Скабелка шәкірттері әлемдік рейтингте 25-орында тұрған Украина құрамасын 8:1 есебімен тізе бүктірді. Екінші кездесуде жерлестеріміз 28-орында тұрған Нидерланд құрамасымен кездесіп, 7:1 нәтижесімен жеңіске жетті.
Ал шешуші кезеңде Қазақстан мен Польша құрамалары кездесті. Екі команданың да еншісінде екі жеңіс болғандықтан, жеңген құрама Олимпиадаға іріктеу турнирінің негізгі бөлігінде күш сынасу құрметіне ие болатын еді. Тартысты өткен кездесуде польшалық хоккейшілердің бағы жанды. Қарсыластар алғашқы екі кезеңде жауапсыз екі шайба соғып, алда тұрды. Кейін біздің хоккейшілер таразы басын теңестірген-ді. Алайда матчтың аяқталуына 30 секунд қалғанда поляктар гол соғып, 3:2 есебімен жеңіп кетті.
Осылайша, жерлестеріміз 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылды. Іріктеу турнирде топ жарған Польша құрамасы лицензия үшін таласты жалғастырады.