• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 12 Ақпан, 2020

Жыл басындағы жедел өсім

120 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалу барысы қаралды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.

Макроэкономикалық көрсеткіштерде оң қарқын байқалды

Ұлттық экономика министрі Р.Дә­ленов атап өткендей, 2020 жылдың бі­рінші айының қорытындылары мак­ро­экономикалық көрсеткіштердің оң қарқынын көрсетті.

«Қаңтарда ІЖӨ өсуі 3,6%-ға же­дел­деді, өткен жылғы қаңтарда 2,9% болған еді. Негізгі капиталға салынған инвести­ция 3,1%-ға өсті. Жылдық инфляция 5,6%-ды құрады. Бұл 4-6% нысаналы дәліз шеңберінде», деді министр.

Экономиканың барлық базалық салаларында оң нәтижеге қол жеткізілді. Құрылыс 12,5%-ға, байланыс 9,8%-ға, сауда 5,2%-ға, өнеркәсіп 4,1%-ға, көлік 3,6%-ға және ауыл шаруашылығы 2,6%-ға өсті.

Өңдеу өнеркәсібі қарқынды өсім көр­сетуде. Өңдеудің өсуі 7,8%-ға дейін жо­ғарылады. 5 өңірде орташа респуб­ликалық деңгейден жоғары өсуі байқал­ды. Оның ішінде 3 өңірде 15%-дан 40%-ға дейінгі аралықта өсу тіркелді. Атап айтқанда, Қостанай облысы аса жоғары өсім көрсетті. Бұған машина жасау саласы оң ықпал етті. Атырау облысы 18,2% және Түркістан облысы 15,2% өсім көрсетті.

Өңірлердің көбінде инвестициялар өсуде. Жалпы алғанда, инвестициялардың өсуі 3,1%-ды құрады. 7 өңірде өсім 20%-дан 76% аралығында болды. 1,8 есе дең­гейіндегі ең жоғары өсуді Шығыс Қазақ­стан облысы көрсетті.

Экономиканың базалық салалары арасында ең жоғары өсу құрылыс секторында байқалды, ол 12,5%-ды құрап отыр. Ең жоғары өсімді Түркістан облысы көрсетті – 80%. Бұл Түркістан қаласын облыс орталығы ретінде дамытудың белсенді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. 5%-дан (нысаналы өсу) жоғары көрсеткішке 6 өңір қол жеткізді.

Қаңтарда 732 мың шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Маңғыстау облысында ең көп тұрғын үй пайдалануға берілді.

Үкіметтің жыл басында өткен кеңей­тілген отырысында Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма берген болатын. Осыған байланысты, Үкімет 2020 жылы қол жеткізілуі тиіс нысаналы индикаторларды айқындады. Олар: ІЖӨ өсімін 4,7-5%-ға дейін жеткізу; негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемін ІЖӨ-нің 20%-ына дейін, шағын және орта бизнестің үлесін 30%-ға дейін жеткізу; шикізаттық емес экспорт көлемін 18,6 млрд долларға ұлғайту (яғни 3,4 млрд долларға арттыру); 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу; 430 мың жұмыс орнын құру; халықтың нақты табысын 6%-ға арттыру.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік бюджеттің кірістері есептілік кезеңнің жоспарына қарағанда 104,8%-ға, оның ішінде республикалық – 86,8%-ға және жергілікті бюджеттер – 153%-ға орындалып, республикалық бюджеттің кірістері 331 млрд теңгені құрағандығын айтып өтті. «Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 75 млрд теңгеге артығымен орын­далып, 217 млрд теңгені құрады. Асы­ра орындалу сомасының 68 млрд тең­гесі салықтық түсімдерге келеді» деді ол.

Ә.Смайылов айтқандай, мем­лекеттік бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 1 трлн 50 млрд теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 5,1%-ға өсті. Республикалық бюджет шығыстары 1 трлн 18 млрд теңгеге атқарылды немесе 94,3%-ға орындалды. Жергілікті бюджеттердің шығыстары 213 млрд теңгені құрады.

Мемлекеттік сатып алу процедуралары және бюджеттің шығыстарының жұмсалу барысы бақылауда. «Қаңтар айында 159 аудиторлық іс-шаралармен 96 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Соның нәтижесінде 39 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тексеру кезінде 33 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды», деді Ә.Смайылов. Жалпы сомасы 1 трлн 730 млрд теңгеге 396 мыңнан аса мемлекеттік сатып алу процедуралары камералдық бақылаумен қамтылды. Ә.Смайылов осы жылдың басты мақсаттары бюджеттің кірісі мен шығыс бөліктерінің толықтай орындалуын қамтамасыз ету, мемлекеттік сатып алудың бірыңғай ұйымдастырушысы қанатқақты жобасын іске асыру, салық және кеден салаларындағы бизнес-процестерді цифрландыру жұмысын жалғастыру, ағымдағы жылға арналған республикалық бюджеттің жобаларын қалыптастыру екенін атап өтті.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов осы жылдың қаңтар айында жылдық инфляция 5,6%-ды құрағанын хабарлады. Азық-түлік емес жылдық инфляция өткен айда акциздердің жоғарылауына байланысты бензиннің қымбаттауы есебінен 5%-бен салыстырғанда 5,2%-ды құрады. «Азық-түлік инфляциясы өткен жылдың желтоқсан айындағы 9,6%-бен салыстырғанда жеміс пен көкөніске, ет және ет өнімдеріне, нан-тоқаш өнімдері мен жармаларға, балыққа, майларға бағаның өсу қарқынының төмендеуі есебінен 9,2%-ға дейін баяу­лады. Осылайша былтыр белгіленген инфляцияға бұл өнімдер бағасының өсуінің қосқан үлесі біртіндеп төмендеп, 2020 жылы азық-түлік инфляцияның баяу­лауы күтілуде», деді А.Баймағамбетов.

3 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені және оның пайыздық дәлізін 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.

2019 жылдың желтоқсан айының соңында депозиттер көлемі бір айда 4%-ға артып, 19 трлн теңгені құрады. Ұлт­тық валютадағы салымдар 4,1%-ға, шетел валютасындағы салымдар 3,9%-ға өсті. Соның нәтижесінде депозиттердің долларлану деңгейі алдыңғы жылғы желтоқсандағы 48,4%-бен салыстырғанда 2019 жылғы желтоқсанда 43,1%-ға дейін төмендеді.

«Теңгедегі салымдар бойынша мөл­шер­лемелер тартымды болып қала береді және шетелдік валютадағы 2%-бен салыс­тырғанда 14,5%-ға жетеді. 2019 жылдың желтоқсан айында экономикаға берілетін несиелер 13,9 трлн теңге болып 1,4%-ға, оның ішінде бизнеске берілетін несиелер 1,2%-ға, халыққа берілетін несиелер 1,6%-ға артты» деді А.Баймағамбетов.

 «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 30 қаңтардағы жағдай бо­йынша 173,4 млрд теңгеге 15 134 өтінім мақұлданды, оның ішінде 146,8 млрд теңгеге 12 777 қарыз берілді.

Мәселені Премьер-Министр Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуын­ша, 2020 жылдың бірінші айының қоры­тындысы макроэкономикалық көр­сеткіштердің оң серпінін көрсетті. Қаңтарда ІЖӨ өсімі 2019 жылғы қаң­тар­дағы 2,9%-ға қарағанда 3,6%-ға дейін жылдамдады. Негізгі капиталға салын­ған инвестициялар 3,1%-ға өсті. Эконо­миканың барлық негізгі салаларында оң серпін байқалады: құрылыста өсім 12,5%-ды, саудада – 5,2%-ды, көлік саласында – 3,6%-ды, тау-кен өнеркәсібінде, өңдеу секторында, оның ішінде машина жасауда – 21%-ды, қара металлургияда 17,5%-ды құрады. Ұлттық қордың актив­тері 6,8%-ға 61,9 млрд долларға ұлғай­ды, республикалық бюджетке түсетін кірістер 929,7 млрд теңгеге жетті, өсу қарқыны 131%-ды құрады.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау мақсатында биыл алғашқы айдан бастап экономиканың өсу қарқынын сақтау қажет» деді А.Мамин.

Премьер-Министр Атырау, Түркістан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыс­тарында осы жылдың қаңтар айында негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын атап өтті. Мемлекеттік органдар мен өңірлер басшыларының инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек өнімділігін және халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

 Коронавирус тіркелген жоқ

Коронавирустың таралуына жол бермеу шаралары бойынша ағымдағы жағдай мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы Денсаулық сақтау министрі Елжан Бір­танов пен Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді баяндады.

Қазақстанда коронавирустық инфекция жағдайлары тіркелген жоқ. Тек ЖРВИ симптомдары мен жоғары темпера­турасы бар 134 адам ауруханаға жатқы­зылды, олардың 106-сы сауығып шық­ты, 28-і әзірге стационарларда емде­луде. Науқастардың жағдайы қанағат­та­нарлық.

Медициналық ұйымдар тұрғы­лықты жері бойынша Қытайдан кел­ген азаматтардың денсаулығын монито­рин­гілеу бойынша жұмысты жалғастыруда, 24 167 адам қамтылды, оның 1298-і – шетел азаматтары. Соңғы 14 күн ішінде ҚХР-дан келген 8 851 адам медициналық бақылауға алынған, қалған 15 316-сы инкубациялық кезеңнің аяқталуына байланысты мониторингтен шығарылды.

Орталық референс-зертхана базасында Аса қауіпті инфекциялар ұлттық орталығы Ұлттық биотехнология орта­лығымен бірлесіп, коронавирусты же­дел диагностикалауға мүмкіндік бере­тін диагностикалық жүйені әзірледі. Ха­лық­аралық ынтымақтастық аясында Рос­потребнадзордан 2000 зерттеуге диаг­ностикалық жүйелер алынды.

Бүгінде ҚХР аумағында 497 Қазақстан аза­маты бар, олардың – 337-сі студент. 11 ақпанға дейін 217 Қазақстан азаматы Бей­жің қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына жет­кізілді. ҚХР-дан 155 Қазақстан азаматын осындай рейспен әкелу жоспарланған. Азаматтарды елге эвакуациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін ҚХР аумағында Қытайда қалуға ниет білдірген 343 азаматымыз қалады.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. «Бүгінгі таңда Қазақстан аумағында коронавируспен ауыратындар тіркелген жоқ. Жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында» деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау ми­нис­трлігіне санитарлық-эпиде­миоло­гиялық бақылау жұмыс­тарын жал­ғастыруды, Сыртқы істер ми­нистрлігіне ҚХР-дағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Монополиямен күрес органдары мен Денсаулық сақтау министрлігінің назарын дәріхана желі­леріндегі медициналық маскалар мен вирусқа қарсы препараттарға бағаны жасанды көтерудің жекелеген фактілеріне аударды.

 Қордайда жағдай тұрақты

Сондай-ақ Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс Қордай ауданындағы оқиға туралы мәселе және оқиға салдарын жою жөніндегі Үкімет комиссиясының атқарған жұмысы қаралды. 

«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев Жамбыл облы­сының әкімі болып тағайындалды. Бер­дібек Мәшбекұлы Үкімет комиссиясын басқаруды жалғастырады» деді А.Мамин.

Сонымен қатар Премьер-Министр үкіметтік комиссияның жұмысын жал­ғас­тыруды тапсырды. Үкімет тарапынан барлық қажетті қолдау шаралары көрсетілетін болады.

Б.Сапарбаев атап өткендей, бүгінде Жамбыл облысының Қордай ауданында жағдай тұрақты. Жергілікті атқа­ру­шы органдар барлық құқық қорғау орган­дарының қолдауымен жұмыс жүргізуде. Соңғы 5 күнде 141 адам медициналық кө­мекке жүгінді, оның 19-ы –  полиция қызметкері. 10 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың отбасыларына әкімдік пен жергілікті демеушілердің есебінен көмек көрсетілді. Комиссия мүшелері Мемлекет басшысының атынан әр отбасына көңіл айтты.

Бүгінде Қордай аудандық ауруханасында – 13 адам, Алматы қаласында – 25 адам ем қабылдауда. Алматыдан Қордай ауданына 10 жоғары білікті дәрігер келді. «Қырғызстанға кеткен барлық 9 адамды біз алдымен Алматыға әкелдік, сосын Таразға жеткіздік. Қазір ол жақта адам жоқ. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», деді Б.Сапарбаев.

Бүгінде Үкімет комиссиясы жергілікті тұрғындардың көмегімен өртенген үйлер мен коммерциялық нысандарды тексеріп жатыр. Алдағы 1-2 күнде комис­сия олардың нақты саны мен зардап шек­кендердің қандай көмекке мұқтаж екені жайлы ақпарат береді. «Бұл үш күнде біз 5 ауылдың тұрғындарымен кездестік, оларға қандай көмек көрсетілетінін нақты­ладық. Жалпы, тұрғындар жағдай­ды дұрыс түсініп отыр. Кеше біз ақса­қал­дармен кездестік, олармен сөйлестік», деді Б.Сапарбаев.

Үш күн ішінде кейбір азаматтар Қыр­ғызстанға кетіп қалған. Б.Сапарбаевтың айтуынша, екі күн ішінде 8 мыңға жуық азамат қайтарылды. Қазір барлық мектептер, балабақшалар қалыпты режімде жұмыс істеп тұр, барлық дүкендерде де жұмыс басталды. «Қазір тұрғын үйлер мен сауда нысандарын салуға жергілікті құрылыс компаниялары мен жергілікті тұрғындар тартылатын болады. Біз бизнесмендермен, Қордай ауданының халқымен бірлесіп жұмыс істейміз, олар көмектесуге әзір. Барлығы бақылауда, жағдай қалпына келеді деп ойлаймын. Әрине, кейбір мәселелер бар, оларды жақын арада шешетін боламыз», деп түйіндеді сөзін Б.Сапарбаев.