Кеше еліміздің Биатлон спорты одағының президенті Ермек Қизатовтың жетекшілігімен одақтың тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиыны өтіп, комиссия мүшелері әлем чемпионаты қарсаңында Аустрияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынында спорттық режім мен тәртіпті бұзған төрт спортшыны құрамадан шеттетті.
Ұлттық Олимпиадалық комитетінің хабарлауынша, тәртіпсіздігіне байланысты Антон Пантов төрт жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға спорттан аластатылды. Олар енді биатлоннан өтетін республикалық және халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Қазіргі уақытта спортшылардың барлығы жаттығу жиынынан елге қайтарылған. Шешімді қабылдауға биатлоннан ұлттық құраманың бас бапкері Мақсат Шарановтың рапорты және спортшылар мен бапкерлердің түсініктемесі себеп болды. Сондай-ақ Обертиллах қаласындағы оқу-жаттығу жиыны кезінде команда мүшелері тұрақтаған аустриялық қонақүйдің арыз-шағымы да назардан тыс қалмаған.