Иә, биыл өңірдегі қыс жылдағыдай жаймашуақ емес, тұрғындарды әбден әуреге салып-ақ тұр. Бір күн боран, бір күн аяз, бір күн жылымық. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, 11 ақпанда облыстың бір ғана ауданында 60 көлік пен 202 адам көмекке зәру болды.
Көкпекті ауданындағы Байбура мен Өмеш асуын білмейтін аймақ тұрғындары аз шығар. Әсіресе қыстың көзі қырауда жолға жиі шығатын ағайын қос асуды жақсы біледі. 11 ақпанда осы екі асуда 200-ге жуық жолаушы қар құрсауында қалды. Байбура учаскесі күндізгі сағат 12-де жабылған-ды. Алайда оған дейін Көкпекті ауылынан Қалбатауға шығып кеткен 35 көлік, яғни 112 адам ақтүтек боран кесірінен жолда тоқтауға мәжбүр болған еді. Көмекке Көкпектідегі №33 өрт сөндіру бөлімі жіберіліп, жолаушылар Көкпекті ауылындағы Шәйжүнісов және Көкпекті орта мектептеріне, туыстарына және қонақүйлерге орналастырылыпты. Ал «Өскемен – Самар» бағытындағы Өмеш асуындағы жол учаскесі де осы күні күндізгі сағат 12-де жабылған болатын. Алайда таңертең ертемен Өскеменнен шыққан жолаушылар (25 көлік, 90 адам) «Өскемен –Самар» жолының 112 шақырымында қар құрсауында қалған-ды. Бұл жерге көмекке Самардағы №51 өрт сөндіру бөлімінің КУНГ техникасы мен Өскемендегі облыстық Төтенше жағдай департаменті тарапынан ТРЭКОЛ көлігі келіп, жолаушыларды Самар ауылындағы спорт мектебіне, агротехникалық колледжге, Самар бастауыш мектебіне, туыстары мен қонақүйлерге орналастырды. Бұдан бөлек 11 ақпанда «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» бағытындағы жолда 97 көлік қарға батып, шағын автобустан 6 адам қауіпсіз жерге жеткізілді, қалған 303 жолаушы (соның 36-сы бала) көмектен бас тартты. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сенсек, өңірде тек 11 ақпанда 30 адам қар құрсауынан шығарылып, 463 адам қауіпсіз орындарға және 142 көлік арнайы техникалар көмегімен межелі жерлеріне жеткізілді.
Сонымен қатар кеше өңірдің бірнеше қаласы мен ауданындағы мектептерде сабақ тоқтатылды. Бородулиха ауданында аяз 32, Алтай мен Жармада 30, Ұлан ауданы мен Өскеменде 28, Семей мен Курчатовта 23 градуске жетіп, 1 ауысымның 1-4-сынып оқушылары сабақтан босатылды. Ал Глубокое ауданында градус бағаны 32, Көкпекті ауданында 30, Шемонаихада 28, Бесқарағайда 28, Риддерде 27-ні көрсетіп, 1 ауысымның 1-9-сыныптары жоспардан тыс демалуға мәжбүр болды. Зайсан ауданында көктайғақ болғандықтан, 1 ауысымның 1-11-сынып оқушылары сабаққа барған жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы