Жалпы, соңғы жылдары Май ауданында тұрғындар саны азайды. Бұл күндері мұнда 10 мыңдай адам тұрады. Аудандағы 13 ауыл мектебінде 1636 оқушы ғана қалған. Сондықтан, аудан әкімдігі оңтүстіктен ел көшіру бағдарламасын жалғастыруда.
Әрине, ел қонып, орта толғанына Кеңтүбек ауылы қуанышты. Құжат жүзінде дұрыс реттелмеген бе, бұл ауылдың Көктүбек, Жалтыр деген атаулары да бар. Осы үш атауы бар ауылға өңірдегі «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы бойынша Алматы облысының Текелі қаласынан, Жамбыл, Еңбекшіқазақ ауданынан, Түркістан облысының Ордабасы ауданынан бірнеше отбасы көшіп келді. Мектепке келген күннен белсенді Қанат Қазымжанұлы, Сұлтансейіт Бакдаурен робототехника саласы бойынша жарыстарға қатысуда.
Балалар жаппай оқыту қорынан ыстық тамақпен, заңнамаға сәйкес қаржылай көмекпен қамтамасыз етілді. Ата-аналары жұмысқа орналасса, кейбірі бау-бақша егуді бастап кетіпті.
Енді жуырда аудандық білім бөлімінің бастамасымен мектепте домбыра сыныбы да ашылды. Домбыра сыныбының ашылуы оқушылардың аудан орталығындағы Байғабыл Жылқыбаев атындағы Балалар музыка-өнер мектебінде оқуларын жалғастыруға мүмкіндік туғызды. Ұлт аспаптар оркестрі, жас домбырашы, әнші, күйші, қобызшы және хор ұжымы мен суретшілері бар өнер мектебі оңтүстік өңірлерден келген балалармен де толығар. Өнер мектебін Моңғолиядан алғашқылардың бірі болып оралған Төлбастар Сайырханұлы басқарады. Ал мектепте ашылған домбыра сыныбына Айнагүл Біржанқызы мен Меруерт Қалкенқызы жетекшілік етуде. Сыныптың ашылуына аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Сынып іші рухани-танымдық үлгіде ерекше безендірілді. Оқушыларға ұлттық киімдер, бірнеше домбыра сатып алынды.
– Оқушыларымыз домбыра үйірмесінің ашылуын қызығушылықпен қабылдады. Домбыра сыныбына қазір 40 оқушы қатысады. Облыс орталығында өткен Балалар шығармашылығы фестиваліне Хамит Ерасыл қатысып, жүлдегер атанды. Қазір оқушылар «Сарыөзен», «Еркем-ай», «Өрнек», «Келіншек» күйлерін үйренуде. Елімізде жыл сайын аталып өтетін «Ұлттық домбыра күніне» дайындық осы күннен басталуда, – дейді мектептегі тәрбие ісінің меңгерушісі Гүлден Әбеуова.
Домбыра сыныбының ашылуында ортаға жаңа қосылған Хамит Ерасыл, Смағұл Ералы, Мерей Зарлықова, Жансая Жұмағалиева, Манат Қазымжанұлы, Өмірбек Айбын, Ибрай Әлем, Әлібек Әділжан секілді оқушылар күмбірлетіп күй тартып, өз өнерлерін көрсетті.
Павлодар облысы,
Май ауданы