2009 жылы елімізде «Дипломмен – ауылға!» деген бағдарлама қолға алынып, жас мамандар ауылдарға жіберіле бастаған еді. Бағдарлама әлі де жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында осы жылдары, нақтырақ айтсақ, 2009-2019 жылдары 3,6 мың жас маман ауылға жұмыс істеуге келіпті. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, олардың дені Семейге жақын Бородулиха (389), елдің шеті, желдің өтіндегі, шекарадағы Күршім (336), Катонқарағай (350) аудандарына барыпты.
Ауылға барған жастардың 2409-ы білім, 922-сі денсаулық сақтау, 56-сы ауыл шаруашылығы және спорт, 101-і мәдениет, 41-і әлеуметтік қамсыздандыру салаларына жұмысқа орналасыпты. Сонымен қатар жастарға 100 АЕК немесе 252,5 мың теңге көтерме жәрдемақы, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауға 1500 есептік айлық есептік көрсеткіштен аспайтын сомада бюджеттік кредит берілетіні де белгілі. Демек, оларға мемлекет тарапынан белгілі бір мөлшерде (бәлкім, жеткілікті, бәлкім, жеткіліксіз) жағдай жасалып отыр.
Үш жылдан соң қайтып кетеді
Осы орайда мынадай сауалдар туындайды. Мемлекет арнайы қаржы қарастырып, ауылға жіберген жас мамандар артқан сенімді ақтап, барған жеріне тастай батып, судай сіңіп жатыр ма? Еңсесі түскен ауылдардың көгеріп, көркеюіне қаншалықты үлес қосты? Әлде кесімді мерзімдерін өткеріп, келген іздерімен кері қайтып жатыр ма? Өкінішке қарай, соңғы кездері «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жастардың үш жыл мерзімі біте салысымен ауылда тұрақтамай қайтадан қалаға қайтып кететіні жайында жиі айтылып жүр. Әрине, бұған себеп те жоқ емес. Мәселен, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Күршім, Катонқарағай, Тарбағатай аудандары және Абыралы, Шұбартау секілді бұрынғы аудан орталықтары ауылдарының көпшілігінде интернет жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде тасбақаның тырбыңындай өте баяу. Инфрақұрылымның жоқтығы, жолдың нашарлығы, қыстың қиындығы – өз алдына бөлек әңгіме. Мұндай ауылдарда жастар қайдан тұрақтасын? «Ауылға келген жас мамандардың көпшілігі үш жыл мерзімі өткен соң қалаға көшіп жатқаны жасырын емес. Осының салдарынан ауданда, әсіресе мұғалімдердің тапшылығы сезіледі. Бүгінде Катонқарағай ауданына физика, математика, ағылшын, орыс тілі пәндерінің мұғалімдері қажет (21 маман)», дейді Катонқарағай аудандық білім беру, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ғалия Көшенова.
Катонқарағаймен іргелес орналасқан, тағдыр-талайы ұқсас, алты ай қақаған қысы бар Марқакөл-Күршім өңірінде де осы кеп. Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Елеубаевпен сөйлескенімізде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен негізінен ауданның тумалары ғана келетінін, сырттан келушілердің сирек екендігін айтты. «Біздің ауданда мектептердің көпшілігі, яғни 83 пайызы шағын комплектілі. Бұл мектептерде бала санының аздығына байланысты сыныптар қосылып оқытылады. Сағат саны да аз болады. Жастардың тұрақтамауының бір себебі осы деп ойлаймын. Жас мамандар келмеген соң зейнет жасындағы мұғалімдермен келісімшарт жасасамыз. Басқа амалымыз да жоқ. Қазір ауданда 16 зейнеткер мұғалім келісімшартпен жұмыс істеп жатыр. Бұл бізге 16 жас маманның қажет екендігін көрсетеді. Ағылшын, орыс тілі және орыс әдебиеті, Қазақстан тарихы, география, физика, математика, химия-биология, қазақ тілі және қазақ әдебиеті, информатика пәндеріне жас мамандар керек» деген ол бүгінде Күршім ауданында ұзын-саны 820 мұғалім жұмыс істейтінін, оның 93-і жас маман (11 пайыз) екендігін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысы