Бүгінгі таңда Жамбыл облысының жер қоры 14427,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер, елді мекендердің жерлері, өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс мақсатындағы жерлер, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, орман қорының және су қорының жерлері бар.
Ал, босалқы жерлер 1885,5 мың гектарды, басқа мемлекет пайдаланып жатқан жер көлемі 2492,6 мың гектар көлемді алып жатыр. Алайда, өткен жылы облыс аудандарында 35,5 мың гектар егістік жерлер игерусіз қалған.
«Қолданылған шаралардың нәтижесінде, игерілмеген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 104162 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Салық мөлшерлемесін 10 есеге дейін көтеруге көлемі 46964 гектар жердің мәліметі жолданды. Мемлекет иелігіне қайтарылған жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу басты назарда. Бүгінгі таңда қайта айналымға аудандар бойынша 18 конкурс өткізіліп, қосылған жердің аумағы 199,1 мың гектарға жетті. Оның ішінде егістік жерлер 9,2 мың гектарды, жайылымдық жерлер 189,9 мың гектар жерді құрайды. Кәсіпкерлік мақсатында сұраныстарды қанағаттандыру бойынша есепті мерзім аралығында облыс аудандарында 42 аукцион өткізілді. Нәтижесінде аумағы 114,6 гектар жер учаскелері 184,8 миллион теңгеге бағаланып, сатылды», дейді Жамбыл облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бахтияр Көпбосынов.
Жамбыл облысы