Мюнхенде өтіп жатқан Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Канада премьер-министрі Джастин Трюдо қауіпсіздік, жаһандық проблемаларды шешу, сауда қатынастарына жаңа өзгерістер турасында сөз сөйледі.
Канада үкімет басшысының айтуынша, ескі шешімдер жаңа проблемаларды шешуге жарамсыз. «Жаһандық сұрақтарды шешу үшін жеке секторларды, азаматтық қоғамды, тіпті ескі серіктестерімізді де біріктіруіміз керек. Бұл жолда жалғыздың үні шықпайтыны анық. Яғни, проблеманы шешу үшін қолайлы жағдай мен тың идеяларды күтіп отыратын уақыт жоқ. Канада бұл жолдағы жұмысын жалғастыра бермек», деді.Сонымен бірге бүгінде өрши түскен сауда соғысын тоқтату мақсатында Оттава тобы құрылатынын мәлімдеді. «Канада осындай бастамаға бел буып отыр. Бұл топтың негізгі мақсаты сауда қатынастарын жүйелендіру. Бұл сауда соғыстарын шешудің тиімді механизмдерін табуға жол ашады деген ойдамыз», деді Д.Трюдо. Сонымен бірге әлемдік мәселелерді шешуде сөз бостандығының маңызы туралы атап өтті. «Бүгінде журналистер қамауға алынады. Бұл сөз бостандығының қандай деңгейде екенін көрсетіп отыр. Осы орайда Ұлыбританиямен бірлесіп жағдайды ретке келтіретін жаңа бастамаға бел буып отырмыз», деді премьер-министр.Сонымен қатар климаттың өзгеруі де шешуші мәселелердің бірі екенін еске салды. Климаттың өзгеруі адамзат тіршілігіне, экономикаға әсер ететінін де тілге тиек етті. Джастин Трюдо Париж келісіміне қол қойғанда берген сөзіне берік екенін айтып, сөзін түйіндеді.
Мюнхен, ГЕРМАНИЯ