Мюнхен Қауіпсіздік Конференциясы қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзірбайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиевпен кездесті.
«Сізді Мюнхенде көргеніме қуаныштымын. Біз бұған дейін Сочиде кездескен едік. Енді екі ел арасындағы байланысқа келер болсақ, шынымен үлкен істер атқарылды. Бәрін басынан бастауға тура келді, бірақ жақсы жетістіктерге қол жеткіздік. Бұл серіктестіктің негізін Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев қалаған болатын. Мен кезінде Сыртқы істер министрі ретінде оның куәсі болдым, қатыстым да. Қазақстан Әзірбайжанмен байланысын жоғары бағалайды. Ақтау қаласында қол қойылған Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция үлкен әріптестіктің бастауы болды деп сенеміз. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сізді біздің елге сапарлап келуге шақырамын. Біз талқылайтын әрі шешетін көп сұрақтар бар», деді Қазақстан Президенті. Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев те биылғы жылдың екі ел үшін табысты болатынына сенетінін айтты. «2020 жылғы жыл да екі елдің байланысы үшін табысты болады деген сенімдемін. Тауар айналымын арттыруды көздеп отырмыз, сондай-ақ транспорт, туризм саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Екі ел арасында халықтарымыздың тығыз байланысы орнаған», деді И.Әлиев.Сонымен қатар ол Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қол қойылуы маңызды оқиға екенін, бұл тұрғыда Каспий жағалауындағы елдер үшін тиімді негіз қаланғанын атап өтті.«Біздің бағытымыз дұрыс. Екі ел арасындағы бауырластық байланыс бекемдей түседі деп сенеміз», - деді Әзірбайжан Президенті.