Германия Федеративті Республикасының Мюнхен қаласында өтіп жатқан 56-шы Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы пікірталасқа қатысты.
Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаастың жетекшілігімен болған пікірталаста Қазақстандағы азаматтық қоғамның жайы сөз болды.
Мемлекет басшысы бүгінде азаматтық қоғамды дамыту үшін жаңа жобалар дайындалып жатқанын мәлімдеді.
«Көптеген бастама қолға алынды. Бейбіт митинг өткізу мен саяси партияларды тіркеуге қатысты жаңа заң жобалары дайындалып жатыр. Мен мемлекетімде президенттіктің жақсы институты қалыптасады деген ойдамын. Сонымен бірге Парламенттің күші арта түсетініне сенемін. Оған қоса ашық әрі есеп беретін Үкімет қалыптастыруға тырысамыз» деді ол.
Пікірталас кезінде терроризм мәселесі мен қауіпсіздік сұрақтары да назардан тыс қалмады. Ауғанстан Президентінің айтуынша, есірткі мен терроризм үғымы етене байланысқан. Бұл тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда есірткіге қатысты заңдарды күшейту шаралары туралы айтты.
«Терроризммен күресушілер қатарында біз де бармыз. Былтыр Сирия мен Ирактағы азаматтарымызды қайтаруды бастадық. Былтыр Сирия мен Ирактағы азаматтарымызды қайтару бойынша 3 сәтті операция өткіздік. Осы орайда АҚШ үкіметіне көрсеткен көмегі үшін алғысымды білдіргім келеді» деді Президент.