• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Ақпан, 2020

Жамбыл өңірінде азық-түлік бағасы бақылауда

318 рет
көрсетілді

Қарапайым тұрғындар үшін азық-түлік бағасының тұрақтылығы аса маңызды. Расында да, қала ішіндегі қаптаған сауда нүктелерінде, базарларда көп ретте бағаның тұрақты болмайтыны жасырын емес. Бұл халық үшін тиімсіз. Алайда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев басты талап – әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу керектігін ескертті.

Бердібек  Сапарбаев Тараз қаласындағы базарлардың жай-күйімен танысып, бірқатар азық-түлік сауда орындары мен қаланың әлеуметтік нысандарын аралады. Әкім әуелі «Ауыл береке» базарында болып, халық жиі тұтынатын азық-түлік түрлерінің сапасымен және бағасымен танысты. Сатушылар мен сатып алушылармен сөйлесті. Қарапайым халықтың пікірін тыңдады. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа таяу арада шешімі табылуы керек бірқатар мәселелер туралы айтты. Оның ішінде сауда орындарының дұрыс орналаспауы, өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмауы, асфальттанған автотұрақтардың болмауы, базар аумағындағы көліктердің жөнсіз қозғалысы, базар сөресінде жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін көбейту сынды мәселелер де бар.

«Базар аумағы мен сауда қатарлары жоғары эстетикалық талғамға сай келуі керек. Күн сайын мұнда біздің қаланың мыңдаған тұрғыны келеді. Сондықтан базарда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталғаны жөн. Сондай-ақ сатып алушылар мен сатушыларға да оңтайлы жағдай жасауға баса назар аудару маңызды», деді Бердібек Сапарбаев. Әкім тауар бағасы тұрақтылығына баса назар аударып, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттардың қымбаттамауын қадағалауды тапсырды. Қаладағы әлеуметтік базарды аралау кезінде омарташылар бал өнімдерін өткізу мәселесін де көтерді. Бердібек Сапарбаев жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өңдеушілерге қолдау көрсетіп, жоғарыдағы мәселенің өз деңгейінде шешілуіне ықпал етуге уәде берді. Сонымен қатар әкім «Small» сауда орталығында да болып, азық-түлік тауарларының түрлері мен бағаларын салыстырып көрді.

Сауда орындарымен қатар, Бердібек Сапарбаев олимпиада резервтерін даярлау орталығында , базардағы ветеринариялық зертханада және Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясында болып, мұндағы бірқатар мәселелерге де назар аударды.

 

Жамбыл облысы