Бүгінгі жаһандану жағдайында ежелгі ұлттық қолөнерімізді қазіргі заман талаптарына сай қайта жаңғыртудың пайдалы тұстары мол. Біріншіден, осы арқылы оның екінші тынысы ашылмақ. Екіншіден, мұндай өміршең көзқарас әйел-аналар мен қыз-келіншектер арасындағы жұмыссыздық деңгейінің азаюына септігін тигізеді. Үшінші пайдалы тұсы, қолөнерлік кәсіптің бір тармағы – көрпе-жастықтар тігіп, оны әзір тауар түрінде сауда-саттыққа шығару арқылы табыс көздерін толықтыру мүмкіндігі туады.
Елімізде мұндай мақсатты алға қойып, нақты нәтижелерге қол жеткізіп жүрген әлеуметтік құрылымдар жоқ емес. Солардың бірі, тіпті бірегейі «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, әрі оның қазіргі жетекшісі Ырза Тұрсынзада болып отыр. Ол «Аналар аманаты» атты әлеуметтік бағдарламаның бөлінбес бір бөлшегі «Көрпе FEST» жобасын жүзеге асыру ісінің бел ортасында келеді.
– Біздің басты мақсатымыз – көп балалы және тұрмысы төмен, соның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдардың жетегінде жүрген әйелдердің кәсіп ашуына қолдау көрсетіп, тиісті бағыт-бағдар беру. Көрпе-жастық тігу ісінде әйел затының икемі мен мүмкіндігі жоғары екені күнделікті тұрмыста әлдеқашан дәлелденген. Олардың бойында ежелден қалыптасқан осы үрдістің шоғын үрлей білсе, оның нәтижесі көп кешікпей келетініне бәс тігуге болады. Сондықтан біз «Аналар аманаты»
жобасына сәйкес ел өңірлеріне шығып, тігін және қолданбалы өнер түрлері бойынша тегін сабақтар мен семинарлар және шеберлік сабақтары мен көрмелер өткізуді қажет деп таптық. Әрі осы бағдарлама аясында мотивациялық деректі фильмдер көрсетіледі. Бұл бағыттағы кейінгі іс-шарамыз Ақтөбе қаласында өткізілді, – деді бұл жөнінде жоба жетекшісі.
Келесі кезекте ол бұдан төрт жыл бұрын «Алтын орда» ЖШС және «Адамдардың ежелгі жетістіктері» қоғамдық қорының бастамасына сәйкес қолға алынған жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен бірқатар облыстық әкімдіктер тарапынан қолдау тапқанына тоқталып өтті. Атап айтқанда, көп балалы аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы әйелдерге арналған ақысыз шеберлік сабақтары бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында және Маңғыстау, Атырау, Қарағанды облыстарында өткізілген.
– Өзіңіз бастаған отандық қолөнер шеберлерінің жоғарыда аталған өңірлерден кейінгі сапары Ақтөбеге түсуінің сыры неде? – дедік біз Ырза Тұрсынзадаға.
– Өңірдегі қыз-келіншектер мен аналар біздің жобамызға әлеуметтік желі арқылы қанық екенін жеткізіп еді. Ақтөбеде «Көрпе FEST» мега фестивалін өткізу жөніндегі ой осыдан туды. Жалпы, бұған дейін де Ақтөбеге жолым түскен кезде мұндағы замандас құрбыларымыз бен сіңлілеріміздің қолөнерге деген қызығушылығы жоғары екенін байқағанмын. Оның үстіне облыс басшысы Оңдасын Оразалин мега фестивальды өткізу ісіне қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді, – деп Ырза ханым ырзалық таныта жауап қайтарды.
Үш күнге созылған «Көрпе FEST» мега фестивалі кезінде 300-ден астам ақтөбелік әйелдер тігін өнерінің қыр-сырын тегін үйренуге мүмкіндік алғаны айтуға тұрарлық іс, көңіл қуантарлық жетістік. Сондай-ақ ұлттық қолөнерді қайта жаңғыртуға арналған басқосудың жабылу рәсімі кезінде облыс әкімдігі атынан 35 көп балалы ана мен тұрмысы төмен отбасындағы алтын қазық өкілдеріне 35 тігін машинасының сыйға тартылуы да аталған жобаны қолдаудың келісті көрінісі болмақ.
Бұған қоса «Алтын орда» авторлық дизайн үйі де көрпе-жастық тігуге икемі бар нәзік жандарды ынталандыруды назардан тыс қалдырмады. Сөйтіп оларға ұлттық қолөнер технологиялары бойынша алғашқы кезеңді аяқтағаны жөніндегі сертификаттар тапсырылды. Міне, үйренуге тұратын үрдіс деп осыны айтыңыз!
АҚТӨБЕ