Қарағандыдағы «Nәtige» сүт фабрикасының құрылтайшысы Ерлан Әшіммен арадағы әңгіме қазіргі уақытта тасы өрге домалаған кәсіпорын туралы емес, руханият әлеміне жол сілтеген өзгеше бағытта өрбіді.
Кәсіпкердің кеңсесінде Абай мен Ахмет Байтұрсынұлының портреттері ілулі тұр. Хакімнің суретінің тұсында «Біріңді, қазақ бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос» деген асыл сөздер маржандай тізіліпті, ал Ахаңның портретінің жанында «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай және күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ғұламаның өз сөзі таңбаланған. Арқа төсіне есімі мәлім азаматтың жақсы аты кеншілер астанасындағы көше атауларын өзгертуге арналған көпшілік тыңдау кезінде жалпақ жұртқа кеңінен жайылды. Әңгімеміздің әлқисасы да өңірдің рухани өміріне сілкініс әкелген осы оқиғадан бастау алған еді.
– Ерлан мырза, Қарағанды қаласында биыл 13 қаңтар күні өткен қала көшелерінің атауларын өзгерту жөніндегі көпшілік тыңдауда елді елең еткізген мәлімдеме жасадыңыз...
– Жалпы жиындарда көсемсігенді ұната қоймаймын. Бірақ сол жерде сөйлеуге мәжбүр болдым. Мені итермелеген – залдағы жанжалдың ушығудың сәл алдындағы жағдайы еді. Бір-екі жас блогердің «Босқа ақша шығындап, осының не қажеті бар еді?», «Одан да ол қаржыны көмекке зәру басқа салаға неге жұмсамасқа?», деген сыңайдағы сөздері намысыма қамшы болып тиді. Қарап тұрсам, жаңағылардың сұрағы жауапсыз қалатын түрі бар. Сол кезде ортаға шықтым да, «Егер қажет болса, осы өзгертулерге кететін шығынның бәрін «Nәtige» компаниясы өз мойнына алуға әзір» деген мәлімдеме жасадым. Мұндай қадамға, біріншіден, залдағы ұрыс-керістің бұлтын сейілту үшін, екіншіден, жастарға рух беру үшін, үшіншіден, аяқ астынан ақша санай қалған «үнемшілдердің» аузына құм құю үшін бардым.
Рас, 35 млн теңге деген сүт компаниясы үшін көп ақша. Шынын айтқанда біз жылына 70 млн теңге табыс тапсақ, қуанамыз. Сүт дегеніңіз мұнай емес қой. Бірақ әңгіме ұлттық мүддеге келіп тірелгенде қаржы мәселесі кейінге шегерілуі тиіс. Хакім Абайдың өзі «Пайда ойлама, ар ойла», деді емес пе?!
Менің ойымша, дәл осындай мәселелерге келгенде, ұлтаралық араздық қозбауы тиіс. Мәселен, осы көпшілік тыңдауға келгенде қолына кеңестің қызыл туын ұстап, қалт-құлт етіп жүрген бір кейуананы көрдім. Әдейі жанына барып қарап едім, әлгі туда «171-я стрелковая Идрицко-Берлинская Краснознаменная ордена Кутузова дивизия» деген жазу тұр. Яғни, бұл кісінің күн тәртібіндегі мәселені талқылауға келген түрі жоқ. Қақтығысқа келген жанның кейпін танығандай болдым кескінінен. Тағы бір егде әйелмен сөйлесіп едім, «1840-жылдары менің ата-бабамды Абылай хан мен Бұқар жырау шақырған», деп өтірікті шындай соғып тұр. Тарихтан мүлдем хабары жоқ, жылайсың ба, күлесің бе?.. Онымен қоймай, «Егер Ленин болмаса, мен дүниеге келмес едім», дегенін қайтерсіз...
Сол кездесуде қазақтың жалындаған жастарына қатты риза болдым. Олар екі тілде өте сауатты сөйлеп, тарихты терең білетіндіктерімен, болашаққа деген мақсаттарының айқындығымен ерекше тәнті етті.
Осы жерде айта кеткім келетіні, дамыған елдерде мұндай қоғамдық мәселелердің күрмеуін үкіметтік емес ұйымдардың өздері-ақ шешіп тастап отырады. Ал бізде, өкінішке қарай, өкіметке қол жаю әлі күнге дейін жойылмай келеді.
Мен де ұлтын сүйетін ұланның бірімін. Адамзатқа ортақ құндылықтар да маған жат емес. Мысалы, жиында орыс ұлтының екі өкілі үшін қол көтеріп, дауыс бердім. Оның бірі Потанин болса, екіншісі – Затаевич. Екеуінің де қазаққа сіңірген еңбегі орасан зор.
Сонымен қатар «ұлтшыл» Ерлан екі қазаққа қарсы дауыс берді. Өйткені олардың елдің есінде қалатындай еңбегі жоқ еді. Кеңес өкіметі кезінде коммунистік партияның қатардағы қызметкері болған.
Бізде басқа ұлттардан келген бір дүмбілездеу дағды бар. Көшелерімізді ұлы адамдарымыздың фамилиясымен атаймыз. Мәселен, астанамызда «Құдайбердиев» деп аталатын көше бар. Соны «Шәкәрім көшесі» десе құлаққа қандай жағымды естілер еді? Қарағандыдағы басты даңғылды «Қалқаманұлы даңғылы» деп емес, «Бұқар жырау даңғылы» деп жүрміз ғой. Сол сияқты облыс орталығындағы көшені «Қасым ақын көшесі» немесе «Ақын Қасым көшесі» деп атасақ, әлдеқайда дұрыс болар еді деп есептеймін. Осы шаруаның басы-қасында жүргендер болашақта мұны қаперге алса деген тілек бар.
Қарағандыда есімі ұзыннан-ұзын жатқан көшеге берілген Кривогуз деген кісінің өмір тарихын зерттедім. Кеңес өкіметі орнар кезде ақтардың әскерінде болыпты. Одан кейін қызылдар қатарына өткен. Ал енді, бұлардың «Ақ қашып, қызыл қуған» аласапыран заманда совдептің мүшесі болып, қазақтың жерінде қандай зорлық-зомбылық жасағанын біз тарихтан жақсы білеміз. Бір сөзбен айтқанда, Ленин кетті ме, Кривогуз да қоса кетуі тиіс.
Жиынның соңына таман жергілікті бір газеттің тілшісі келіп, «Сіздің бұл позицияңыз патриоттық сезімнен туындаған ба?», деп сұрақ қойды. Сонда: «Тек қана сол мағынада деп қабылдаған дұрыс емес шығар. Мен, балаларыма тарихты айтып отырамын. Ленин құрған Кеңес өкіметі туралы, олардың қазаққа жасаған қиянаты жайында айтқанымда, олар маған «Ендеше, неге бізде Ленин көшесі бар?», деген сұрақ қояды... Түсінесіз бе, мен жауап таба алмай тосыламын», дедім.
– Сіз орыс тілінде өте сауатты және жатық сөйлейді екенсіз. Қазақ тілінде сөйлегенде де ойыңызды көбінесе әдеби тілмен жеткізуге тырысатыныңызды байқадық. Кәсіпкерлер арасында мұндай ұстанымдағы адамдар жиі кездесе бермейді...
– Өмір бойы орысша оқыдым. Тек жиырма бес жасымда ғана қазақша оқуды, жазуды үйрене бастадым. Сол кезде «Егемен Қазақстан», «Жас алаш» газеттерін жаздырып алатынмын. Отыздан асқан кезімде «Абай жолын» қазақша оқып шықтым. Негізі, бұл шығарманы он екі жасымда орысша оқыған едім.
Отыз жастан асқан кезде «Менің атым Қожа» деген кітапты оқыдым. Сүйсініп оқыдым, қаршадай баланың патриоттығы, образының шынайылығы, сезімталдығы керемет әсер етті.
Былтыр бір досым Дулат Исабеков деген жазушының кітабын оқуға кеңес берді. «Сіздің құндылықтарыңызға сай келеді ол кісінің шығармалары», деді. Содан Дулат Исабековті оқи бастап едім, өзім үшін бұрын беймәлім болып келген ғажап әлемнің есігін аштым. Сізге өтірік, маған шын, жазушының кітаптарын оқу үшін жұмыстан үйге жеткенше асығатынмын. Бұдан бөлек, біздің компанияда іс қағаздары түгелге дерлік қазақ тілінде жүргізіледі. Мұны бизнестің бір міндеті деп санаймын.
– Қазір сіз студенттер мен мектеп оқушылары алдында семинарлар мен тренингтер өткізіп жүрсіз. Мұндай қадамға баруыңызға не себеп болды және көздеген мақсатыңыз қандай?
– Он екі жыл бұрын он бестегі баламды Алматыдағы колледжге оқуға жібердім. Ондағы ойым үйден жырақта өз бетімен өмір сүруге дағдылансын дегендік еді. Арада екі-үш ай өткенде балам хабарласып тұр: «Бізде сырттан кісі шақырып, студенттермен кездесу өткізетін дәстүр бар екен. Көбі қызықсыз, ішті пыстыратын әңгіме айтады, ұйқымыз келеді. Сіз келіп, дәріс оқысаңыз жақсы болар еді», деді. Содан баламның колледжіне барып, оқушылармен түрлі тақырыптар бойынша әңгімелер өткізіп тұратын болдым. Сол жердегі сөздерім ұнаған болса керек, басқа жерлерден де шақыртулар түсе бастады. Содан, Қарағанды ғана емес, басқа да өңірлердегі жоғары оқу орындары, мектептер, кәсіпкерлер шақыра бастады. Қазақстанның қай жерінде болса да сол кездесулерге өз қаражатыммен барамын, гонорар алып көрген емеспін.
Жастарға «Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқты классиктерді оқымасаңдар, бизнесте болсын, басқа салада да болсын табысқа жете алмайсыңдар», дегенді міндетті түрде айтамын. Болашақ кәсіпкерлерге «Менің атым Қожа» кітабын оқыңдар деп кеңес беруден жалыққан емеспін.
Семинар өткізген кездерімде балалардан «Кәсіпкер боламын дегендерің бар ма?» деп сұрап аламын. Жартысынан көбі қол көтереді. «Роберт Кийосакидің «Богатый папа, бедный папа» кітабын оқыдық», дейді бәрі бірдей жамырап. Мен олардың осылай дейтінін алдын ала біліп отырамын. «Балалар, – деймін сонан соң, – менің тілімді алсаңдар, сол кітапты өртеп жіберіңдерші». Содан кейін неге олай дегенімді талдап түсіндіріп беремін. Мысалы, аталған кітапта былай дейді: «Менің әкем табысты емес, қарапайым адам. Ал досымның әкесі, табысты, ақшасы мол. Сол себепті, досым екеуіміз оның әкесінен үйренуге шешім қабылдадық...». Ау, сонда «Әке – асқар тау» деген қазақтың құндылығы қайда? Әкесін құрмет тұтпаған бала күні ертең кімді жарылқамақ?
Сол кітапта «Бизнес деген ақша табу» деп үйретеді. Ал менің ұстанымым бойымша, бизнес деген ақша табу емес, ол елге қызмет ету, қоғамға пайдалы болу. Абай: «Пайда ойлама, ар ойла!», деп бекер айтпаған!
– Сіздің ұлтшыл бағыттағы ұстанымыңыздың осынша берік қалыптасуына тікелей кім әсер етті?
– Егер сіз айтып отырған құндылықтар шынында менің бойымнан көрініс тапқан болса, ол отбасындағы тәрбиеден тамыр тартады. Менің шешемнің тілі керемет шешен еді. Ол кісінің бар-жоғы төрт сыныптық білімі болса да, түйсігі терең, парасат-пайымы өте мол еді. Таңның атысы, күннің батысы үй шаруасымен жүретін анамның екі қасиеті есімде мәңгі сақталып қалды. Біріншісі, ол кісі дастарқан басында сөзін мақал-мәтелмен дәмдеп, ылғи да ғибратты әңгіме айтып отыратын. Қолы қалт еткенде, қолынан кітап түспеуші еді. Қашан көрсең, шаруасын бітіріп тастағаннан кейін сынған құлағы жіппен байланған көзілдірігін киіп алып, кітап немесе «Жұлдыз» журналын оқып отыратын. Яғни, бойымдағы жақсы қасиет, ұлттық құндылықтардың ең асылын анамның сүтінен, әкемнің қанынан алдым деп есептеймін.
– Қазір ақылы түрде тренинг, семинар өткізетін спикерлер көбейді. Осыған көзқарасыңыз қандай?
– Қазақ – сенгіш халық. Негізі, бұл жаман қасиет емес. Бірақ арамза бизнес-тренер кездессе, бұдан қазақ оңбай таяқ жейді. Жалпы, жұрт алдына шығып, сөз сөйлеп, ақыл айту үшін терең білім керек, парасат-пайым қажет, адамның өзіне деген сенімі зор болғаны жөн. Ал енді, бизнес-тренердің айтар ойы, жастарға берер пайдалы кеңесі мол, ең бастысы ниеті таза болса, онда неге ел алдына шықпасқа?!
– Қайырымдылық істермен, меценаттық жасаумен ұдайы айналысатыныңызды жақсы білеміз. Осы жайында аз-кем айта кетсеңіз.
– Бұл тақырып турасында сөз қозғағанды аса ұната қоймаймын... Бірақ, сұрап отыр екенсіз, шет жағасын айтайын. Табысымның басым бөлігі игі істерге жұмсалатыны рас. Дегенмен, маңдайтермен келген малды оңды-солды шашуға жол берген де емеспін. Әлбетте, қайырымдылық бюджеті бір-екі жыл бұрын жазылып, бекітіледі. Бұл жерде белгілі бір стратегиялық бағыт ұстанатынымызды айтқым келеді. Негізінен білім саласына көңіл бөліп, жастардың оқуға, ғылымға құштарлығын арттырып, қолдауды мақсат етеміз. Мектептерге, білім ошақтарына жиі баратынымыздың бір себебі де осында жатса керек. Негізінде, бұл игі істерді таза ниетіммен жасаймын және мұны әлеуметтік желіде немесе басқа да жолдар бойынша жария етіп, жарнамалауға немесе дабыра қылуға мүлде қарсымын.
Мектептерге жиі баратынымызды айттық. Сондай кездесулердің бірінде ер балалардың дәретханасын әдейі барып көрдім. Кірсем, қатар-қатар тұрған алты унитаздың арасы бөлінбеген. «Балаларға жақсылық туралы әңгіме айтқанша, олардың дәретханасын дұрыстап беріп, жақсылық жасасаңшы», дегенім есімде өзіме іштей. Содан, мектеп директорынан рұқсат алдым да, сантехникамен айналысатын кәсіпкер достарыма хабарласып, әлгі дәретхананың ішін стандартқа сай етіп жөндеп бердім. Соған көп ақша да кеткен жоқ: бар-жоғы 600 мың теңгедей жұмсалды-ау деймін. Сөйтіп жүріп, бүгінге дейін төрт мектептің дәретханасын дәл осылайша ретке келтіріп бердім. Енді мына қызықты қараңыз: сол дәретханаларға жөндеу жүргізген кәсіпкерлер келе-келе төленген ақшадан бас тарта бастады. Яғни, олар да қайырымдылық жасаудың қасиетті іс екенін, оның сауабының мол болатынын сезінді. Тіпті кейде зейнет жасындағы адамдар да келіп, өздерінің үлесін қосқысы келіп, ниеттерін білдіріп жатады. Міне, осындай игі істер адамның жанын семіртеді. Жақсы істің шарапаты деген осы.
– Қазір сізді білім мекемелері жиі шақырып тұрады екен. Өскелең ұрпақ өкілдерімен кездескенде қандай өзекті тақырыптар туралы әңгіме қозғайсыз?
– Иә, мектептер жиі шақырып тұрады. Тіпті, кейбіріне өзім барып жүремін. Жасөспірімдермен әңгімеден ерекше ләззат аламын. Әрбір кездесуде жас ұрпақтың санасына елді, жерді, ұлтты сүюдің, яғни отансүйгіштіктің дәнін сіңіруге тырысамын.
Жас буын өкілдерінің қызыға тыңдағаны маған қуат береді, қайырымды істерге шабыттандырады. Олардың бойына ізгіліктің нәрін құю үшін өзім де жатпай-тұрмай ізденемін.
Кездесулерде ылғи кітап оқитын жастарды көтермелеуге тырысамын. Күшіне ғана сеніп, одыраңдап жүретін балаларды әдейі солардың алдына жығып беріп отырамын. «Әлі-ақ көресіңдер, қара күшіне ғана сеніп жүрген әпербақандар біраз жылдан кейін кітап кемірген «ботаниктерден» қарызға ақша сұрап жүретін болады», дегенді қалжыңға жыққандай қылып отырып жиі айтамын. Сондай кездерде байқап отырамын, менің осы сөздерімді аудитория дұрыс қабылдап жатады. Ұстаздар да дән риза.
Қорыта айтқанда, ең басты мақсатым – жастарымыздың білімді, мәдениетті және көркем мінез иесі болып қалыптасуына аз да болса үлесімді қосу. Иә, жастарымыздың мінезді болғаны керек. «Ұлтқа қызмет білімнен емес, мінезден», деп Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхан тегін айтпаған ғой!
Әңгімелескен
Қайрат ӘБІЛДА,
«Egemen Qazaqstan»
ҚАРАҒАНДЫ