• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Хоккей 18 Ақпан, 2020

ҚХЛ: «Барыстың» үзіліссіз жеңісі үзілді

228 рет
көрсетілді

«Барыс Арена» мұз айдынында жергілікті «Барыс» ресейлік «Сибирь» хоккей клубын қабылдады. Андрей Скабелка баптайтын хоккейшілердің алғашқы бестігі ойынды белсенді бастағанымен, үшінші кезеңге дейін есеп ашылмады.

Тек үшінші кезеңнің бел ортасында жерлестеріміздің қорғаныстағы қателігін пайдаланып кеткен «Сибирь» хоккей клубының ойыншысы Шашков әріптесіне тамаша пас бере білді. Шайба қақпа маңайында жүрген 70-номердегі Миловзоровқа тиіп, қақпаға еніп кетті.

«Барыстың» шабуылшылары қонаққа келген Красиковтың қақпасын қанша торуылдағанымен саңылау таба алмады. «Барыстың» бас бапкері ойын соңында тайм-аут алды. Ойын осы сәттен бастап түрленіп сала берді. Кездесудің аяқталуына небәрі 30 секунд қалғанда «Барыстың» 55-номердегі ойыншысы Атте Охтамаа үлкен тәуекел жасап, қақпаға алыстан соққы бағыттады. Осы сәтте қақпа маңында жүрген Линус Виделль шайбаға бірінші жетіп, есепті теңестірді.

Қос команда арасындағы ойынның тағдыры қосымша таймда шешілді. «Сибирьдің» кезекті ұмтылысы нәтижелі аяқталды. Екі қақпаға кезек-кезек кіріп шыққан шайба ойын соңында «Барыс» командасының қақпасында жатты. Осылайша «Барыстың» соңғы алты ойындағы үзіліссіз жеңісі үзілді.