1979 жылы ашылған Теңіз мұнай кеніші – әлемдегі ең терең және ірі мұнай кеніштерінің бірі. Аталған кеніште 1993 жылы 6 сәуірде Қазақстан мен «Шеврон» компаниясы арасында жасалған келісім негізінде құрылған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде былтыр мұнай өндіру көлемі 29,79 млн тоннаны (237,7 млн баррель) құрады.
Жалпы, қазіргі таңда ТШО серіктестері мен олардың үлесіне «Шевронның» 50%-ы, «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ-ның 20%-ы, «ЭксонМобил Қазақстан Венчурс Инк.» кәсіпорнының 25%-ы және «ЛукАрконың» 5%-ы тиесілі. Барланған қоры жөнінен Теңіз кенішінде 3,2 млрд тонна (25,5 млрд баррель), ал Королев кен алаңында 200 млн тонна (1,6 млрд баррель) шамасында мұнай бар деп есептелінеді.
2019 жылы ТШО өндірілген газдың 98,7%-ын кәдеге жаратты. Сондай-ақ былтыр кәсіпорында суды қайта пайдалану көрсеткіші 40%-ды құрады. ТШО тұрмыстық ағын суларды кәдеге жарату, өндірістік мақсатта тазарту және қайта пайдалану арқылы суды үнемдеу бойынша іс-шараларды жүргізуді жалғастыруда. ТШО қалдықтардың 35-тен аса түрін қайта өңдеуге жібереді. 2019 жылы қалдықтарды қайта өңдеудің жалпы көрсеткіші 64%-ды құрады.
Былтыр компания сұйытылған газ сату көлемін шамамен 1,3 млн тоннадан асырып, құрғақ газ сату көлемін 7,9 млрд текше метр, ал күкірт сату көлемін 2,6 млн тоннадан асырды. Сондай-ақ өткен жылы ТШО-ның Қазақстанға төлеген тікелей қаржы көлемі 10,6 млрд доллардан асты. 2019 жылы компания қазақстандық тауарлар мен қызметтерді пайдалануға 4,6 миллиард доллар шамасында қаржы жұмсады.
Былтыр «Игілік» ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасының бюджеті 25 миллион долларды құрады. Аталған қаржының негізгі үлесі Атырау облысында балабақшалар, мектептер және басқа да әлеуметтік нысандардың құрылысына жұмсалуда. Сонымен бірге Атырау және Маңғыстау облыстарының денсаулық сақтау, білім беру салаларына қолдау көрсету және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мақсатында әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 2 миллион доллардан астам қаржы бөлді.
2016 жылы ТШО серіктестері Теңіз кен орнының өндірістік қуатын арттырудың келесі кезеңі саналатын Келешек кеңею жобасы мен Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасын (ККЖ-ҰЕҚБЖ) қаржыландыруға қатысты қорытынды шешімнің қабылданғанын хабарлаған болатын. Сәтімен жүзеге асқан Шикі газ айдау/Екінші буын зауыты жобасына негізделген келешек кеңею жобасы мұнай өндіру көлемін жылына шамамен 12 млн тоннаға немесе тәулігіне 260 мың баррельге арттырмақ. Мұнай өндірудің жалпы көлемі жылына шамамен 39 млн тоннаны немесе тәулігіне 850 мың баррельді құрайды. Ал ҰЕҚБЖ кеніштегі ұңғы ернеуіндегі қысымды төмендетіп, өнім зауытқа жеткен кезде қолданыстағы алты технологиялық желінің кіреберісіндегі қысымды көтеру арқылы Теңіз кен орнындағы зауыттарды толық қуатта ұстап тұратын болады. Ел аумағында ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында 41 мыңнан астам қазақстандық азамат еңбек етеді, бұл Қазақстандағы жалпы жоба қызметкерлері санының 91 пайызын құрайды. ТШО қазақстандық компанияларды ККЖ-ҰЕҚБЖ аясындағы жобалау, сатып алу, модуль жасау жұмыстарына жұмылдырды және 2 200-ден астам қазақстандық компанияны алдын ала іріктеуден және 1 200-ден астам компанияны алдын ала квалификациялық бағалаудан өткізді. Жоба басынан бері ККЖ-ҰЕҚБЖ аясында қазақстандық қамтуға жұмсалған қаржының жалпы көлемі шамамен 8,4 млрд долларды құрады.