• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Ақпан, 2020

Алматы облысында өндірілген жалпы өнім құны 3 триллион теңгені құрады

381 рет
көрсетілді

Өткен жылы Алматы облысындағы жалпы өңірлік өнім көлемі бұрынғыға қарағанда 4,5 пайызға өсіп, қаржылай түсім 3 триллион теңгеге жеткен. Бұл туралы облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорған қаласында өтіп жатқан есеп беру жиынында баяндады.

Жалпы, 2019 жылы аймақ бойынша мемлекеттік бюджетке 509 миллиард теңге жиналған. Мұндағы өзіндік кіріс сомасының үлесі 226 миллиард теңге шамасында болып отыр. Өңір экономикасының табысты болуы шағын және орта бизнестің дамуымен тікелей байланысты екен. Өткен жылы бұл саладағы нысандар саны 122 мыңға жетіп, жиналған салық түсімі 113 миллиард теңгені құрапты. Ал шағын және орта бизнестің өңірлік өнім өндірудегі үлесі 32 пайызға жеткен. Кәсіпкерлерді ынталандыру мен мемлекеттік қолдау да өз деңгейінде екен. Былтыр шағын және орта бизнесті қолдауға қазынадан 11,8 миллиард теңге жұмсалыпты. Нәтижесінде облыс бойынша 48 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылған. Бір жыл ішінде отыз бір мың адам тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

Сондай-ақ өткен демалыс маусымы Жетісу өлкесі үшін табысты өтті. Өңірге 2,3 миллион турист келген. Бұл арғы жылғы демалушылар санымен салыстырғанда 19 пайызға көбейіп отыр. Тек қана туризмнен түскен таза 16 миллиард теңгеге жетіп, 2018 жылға қарағанда 1,2 есеге өсіпті.

Айтпақшы, облыстың биылғы бюджетінде әлеуметтік саланың мәселесін шешуге басымдық беріліп отыр екен. Жалпы, 2020 жылы игерілетін бюджет қаржысының көлемі 586 миллиард теңге шамасында болмақшы. Оның ішінде 252 миллиард теңге қаражат облыстың ішкі табыс көздерінен құралмақ.

-Биыл облыс бюджетінен бөлінетін қаржының 75 пайызы тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен тіршілік етуге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталады. Мәселен, білім саласына 59 миллиард теңге жұмсалмақ. Аймақтағы жолдарды жөндеуге 40 миллиард теңге, тұрғын үй құрылысын жүргізуге 32,6 миллиард теңге, ауыз сумен қамтуға 10,5 миллиард теңге және табиғи газбен қамту ісіне 3,2 миллиард теңге қаржы қарастырылған, деді облыс әкімі Амандық Баталов.