Алматы облысында соңғы 5 жыл аралығында 75 мектеп жаңадан салынып, пайдалануға берілген екен. Алайда, өңірде әлі де мектеп ғимаратының жетіспеушілігі өткір күйінде қалып отыр. Қазір 38 мектепте оқушылар үшауысымда білім алуға мәжбүр.
-Біз бұл мәселені шешуге барынша күш салып келеміз. Бірақ, аймақтағы демографиялық өсім мен ішкі миграцияның есебінен жыл сайын мектеп табалдырығын аттайтын бала саны қаулап өсіп жатыр. Мысалы, 2019-2020 оқу жылында 48 мың бүлдіршін бірінші сыныпқа барған. Яғни, білім алуға қажетті орын саны бірден 20 мыңға көтерілді. Нтәижесінде, мектептер үшаусымда оқытуға еріксіз көшті, деді бүгін халық алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов.
Биыл өңірде тағы 13 мектеп ғимаратының құрылысы аяқталып, қолданысқа енгізілмекші. Бұған 11,2 миллиард теңге жұмсалмақ. Оның ішінде 8 мектеп осы үшауысымда білім беру мәселесін шешу үшін салынуда. Бұйырса, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарының бірнеше ауылында тұратын оқушылар жаңа оқу жылынан бастап кең сыныпта білім алмақшы. Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ ауданы мен Қарасай ауданы аумағынан тағы 6 мектептің іргетасы құйылмақшы. Осы мақсатқа 10,3 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты.
Жалпы, облыста жеке инвесторлардың қаражатына мектеп салу ісі жолға қойылып отыр екен. Қалталы азаматтар білім ошақтарын салуға ынталы. Қазірдің өзінде мемлекет пен жекеменшік әріптестігі арқасында бой көтерген бірнеше ғимарат бар. Қаратал ауданында бастауыш мектеп пен Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы 1200 орынға ыңғайланған орта мектеп соның дәлелі.
Айтпақшы, аймақтағы үшауысымды мектептердің жағдайы жалпы білім беру бағытындағы жалғыз мәселе емес. Соның бірі оқушыларды тасымалдау жайы. Қазір облыс аумағында 15 700 бала мектепке қатынап оқиды екен. Олар негізінен шағын елді мекендер мен саяжайлар аумағында тұратын отбасылардың балалары. Осы тасымалдап оқыту жайы сын көтермейді. Қатынау кезінде баланың қауіпсіздігіне қатер төнген оқиғалар жиі болып тұрады. Мектеп тарапынан бөлінген көліктердің техникалық жағдайы төмен. Жүргенінен тұрғаны көп автобустардың кесірінен балалар мектепке жаяу немесе кездейсоқ көлікпен баруға мәжбүр.
-Балаларды тасымалдау бойынша туындаған мәселеге жанымыз ауырады. Бұл мәселені түбегейлі шешсек дейміз. Биыл мұқтаж мектептерге 70 жаңа автобус сатып алып беруді ұйғардық. Қазір осы мақсатқа деп 1 миллиард теңге бөлдік, ол қаржыға барлық мектеп қажетті көлікпен 100 пайызға қамтылады, деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.