Жақында еліміздің аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдар әкімдерін сайлау науқанының қорытындысы бойынша Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия брифинг өткізді.
Жақында еліміздің аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдар әкімдерін сайлау науқанының қорытындысы бойынша Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия брифинг өткізді.
Брифингте Республикалық қоғамдық комиссияның төрағасы Өмірзақ Озғанбаев сөз алып, комиссия жұмысының қорытындысы туралы баяндап берді. «Бұл сайлау Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына, Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасына сәйкес өтті. Сайлау қарсаңында біз Ардагерлер кеңесінің аудандық деңгейінен бастап, орталық аппаратына дейінгі белсенді өкілдерін комиссия жұмысына қосымша жұмылдырдық», деді Ө.Озғанбаев.
Оның айтуынша, республикалық Ардагерлер ұйымы, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, іргелі үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен құралған республикалық Қоғамдық комиссия мүшелері Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында өткен сайлаудың дауыс беру барысына қадағалаушылар ретінде қатысқан. Сондай-ақ, аталған комиссия құрамына кіретін қоғамдық бірлестіктердің жергілікті филиалдары өкілдері де еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлауға қадағалау жүргізген.
«Мәселен, мен Теміртау қаласына және Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына бардым. Бір де бір облыс біздің назарымыздан тыс қалған жоқ. 1 тамыздан бастап комиссияның штабы мен қоғамдық қабылдауы ашылып, сенім телефондары іске қосылды. Өздеріңізге белгілі, ауыл әкімдерінің сайлауы 2457 жергілікті билік органдарында өтті. Елімізде өткен ауыл әкімдерінің сайлауына орай, құрылған республикалық Қоғамдық комиссияның негізгі міндеті – сайлау заңнамасының жүзеге асуын қадағалау, әділ, ашық, таза сайлау өткізуге жәрдемдесу, қоғамның түрлі саяси күштері арасындағы заманауи бәсекелестікті дамыту, азаматтардың жалпылама саяси мәдениетін арттыру болып еді. Бұл міндетті біз орындай алдық деп санаймын. Комиссия мүшелері байқаушы ретінде өңірлердегі сайлауға, дауыс беру барысына қатысты», деді Ө.Озғанбаев.
Өмірзақ Озғанбаевтың сөзіне қарағанда, жұртшылық әкімдер сайлауына оң көзқарастар танытып, сайлау туралы жағымды пікірлер айтқан, нәтижесінде саяси үдерістің дауыс беру барысы жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны атап өтілген. «Бір атап өтерлігі, әкімдік лауазымға ұсынылған кандидаттардың басым көпшілігі қазіргі әкімдер. Саяси науқан кезінде біздің комиссия сайлау комиссияларымен тығыз байланыста жұмыс істеді. Біздің мәліметтер бойынша, ауыл әкімдерінің сайлау науқаны барысында сайлау заңнамасын бұзушылықтар анықталмады», деді комиссия төрағасы. Сондай-ақ, ол сайлау үдерісі барысында сайлау комиссияларына және Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияға жекелеген ескертулер мен өтініштер келіп түскенін атап өтті.
«Жалпы, комиссияға және штабқа 40-қа жуық өтініш пен ескерту келіп түсті. Олардың барлығы сүзгіден өтіп, жан-жақты қаралды. Бұл, біріншіден, әкім лауазымына кандидаттар ұсынуға қатысты болды. Мәселен, кандидаттарды ұсыну мен әкімдердің жергілікті жұртшылықпен консультациялар жүргізуіне орай, жергілікті халық кейбір кандидат болып табылатын ауыл әкімдерінің кәсіби қызметі мен біліктілігіне көңілі толмаушылықтарын танытты. Атап айтқанда, кейбір кандидаттардың өз міндеттерін сапасыз орындағаны айтылды. Ауылдағы проблемалардың, соның ішінде ауызсумен қамтамасыз ету, басқа да жергілікті мәселелердің шешілмей келгендігі жеткізілді. Бұған қоса, жергілікті халық кандидаттардан жоғары біліктілікті талап етіп қана қоймай, кандидат ұсынуға аз мерзім берілгендігін де ескертіп жатты», деп атап өтті ол.
Комиссия төрағасы, сонымен қатар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары барысында кейбір кемшіліктердің орын алғандығын да а тады. «Мәселен, республикалық «Қазақ үні» газетінің Жезқазған қаласындағы тілшісі Жанат Асанғали өңірдегі мектеп директорларының осы сайлауға ауыл әкіміне кандидат ретінде өз ықыластарынан тыс түсіп отырғандығын хабарлады. Сондай-ақ, Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты ауылға 17 жыл бойы әкім болып келген Ахметжанов осы жолғы сайлауға түсушілер тізіміне оның кандидатурасының аудан әкімінің бөгет жасауына байланысты енбей қалғандығын айтып, шағымданды. Мұндай кемшіліктер ауыл әкімдерін сайлаудың елімізде алғаш рет өткізілуімен байланысты орын алғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ауыл әкімдерін кең көлемде сайлау науқанының құқықтық және ұйымдастырушылық тұстары бұрын-соңды тәжірибеде болмағандығын ескеруіміз қажет», деді Өмірзақ Озғанбаев.
Брифинг барысында комиссия мүшелері ауыл әкімдерін сайлауға қатысты заңнаманы жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді. Сондай-ақ, биылғы жылдың 10-11 тамыз аралығында халықтың өткен сайлауды қабылдау деңгейін зерделеу бойынша комиссияның өңірлерде әлеуметтік сауалнама жүргізгендігі хабарланды.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».