Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің халық алдындағы есебіне арналған жиында селекторлық байланыс арқылы шалғайдағы қалалар мен аудандардың тұрғындары да қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов пен Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов қатысты.
Есеп беру жиынының басында облыс әкімі өңірдегі өткен жылғы даму қорытындылары мен 2020 жылға арналған жоспарлар туралы баяндады. Өңір басшысы былтыр облыс бойынша экономиканың барлық саласында өсім жалғасқанын атап өтті. Мысалы, инвестиция ағыны 800 млрд теңгені құраған. 2020 жылға қарай өндіріс көлемін тағы 5,8%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл қазіргі жұмыс орындарын сақтап, жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірді дамытудың негізін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жиында Жеңіс Қасымбек халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталатын бірінші кезектегі жұмыс стратегиясын мәлім етті.
– Қолжетімді, сапалы үйлер мен жолдар салу, тұрғындарды тұрақты жұмыспен және еңбекақымен қамтамасыз ету, өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу – басым бағыттағы міндеттер, – деп атап өтті ол.
Облыс басшысы өңірде жолдар мен үйлердің құрылысы бойынша арнайы жол картасы әзірленгенін хабарлады. Яғни, бұл салалардағы жұмыс қарқынын еселеп арттыру жоспарда бар. Жергілікті билік облыстағы 1800 көп балалы отбасын алдағы екі жылдың ішінде түгелдей баспанамен қамтамасыз етуді мақсат етіп қойған.
– Мемлекет басшысы тұрғын үймен қамтамасыз ету – бұл әлеуметтік саясаттың басым бағыты екенін айтты. Біздің тарапымыздан осы жылы тұрғын үй құрылысын облыс бойынша кемінде бір жарым есе және облыс орталығында екі есе ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Бізде екі жыл ішінде 1800 көп балалы отбасын қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар деп есептеймін, – деді Ж.Қасымбек.
Сонымен қатар облыс әкімі Елбасының 2030 жылға қарай бір адамды тұрғын үймен қамтамасыз етуді 30 шаршы метрге дейін жеткізу туралы тапсырма бергенін еске салды. Ал бүгінде өңірдегі бұл көрсеткіш 23 шаршы метрден асатын көрінеді. Өткен жылды еске алсақ, өңірде 421 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 1148 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 226 отбасы қоныс тойын тойлады. Ал биыл 5 600 отбасы пәтерге ие болуы үшін 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылуы тиіс. Бұл пәтерлердің жартысы әлеуметтік қорғалатын санаттарға арналған. Бұдан бөлек, жетім балалар үшін баспана кезегінің жылжуын жеделдету жоспарда бар.
Азаматтармен кездесуде өңір басшысы қазіргі уақытта тұрғындарды толғандырып отырған су тасқынының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.
– Қауіпті аумақта орналасқан барлық елді мекендердің даярлық төлқұжаттары тексерілді. Жалпы, облыста төрт жыл ішінде 190 шақырым қорғаныс үйінділері салынған, өзен арналарында 62 шақырымдық инженерлік іс-шаралар жүзеге асырылды. Барлық гидроқұрылыстар ерекше бақылауға алынған. 2018 және 2019 жылдары бұл нысандарда 1,3 млрд теңге сомасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді облыс әкімі.
Қазіргі уақытта қарды сыртқа шығару жұмыстарына айрықша назар аударылуда. Жауапты қызметтердің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда облыстың қалалары мен ауылдарынан 1 млн текше метрден астам қар шығарылған.
Сонымен қатар облыс әкімі өңірдегі Самарқан және Ынтымақ сияқты ірі су қоймаларынан су ағызу жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп жатқанын, қарғын су жүргенге дейін олардағы көлемді ең төменгі деңгейге жеткізудің және су тасқынына даярлық барысының жіті бақылауда екенін атап өтті.
Жиында облыс басшысы Қарағанды облысындағы жол жұмыстарының жоспарына тоқталды. Биыл өңірдегі «Қарағанды – Балқаш» күре жолында төрт жолақ бойынша қозғалысты іске қосу жоспарда бар. Сондай-ақ «Балқаш – Бурылбайтал» төрт жолақты жолын қайта жаңарту жалғастырылады.
Облыс әкімі биыл 1500 шақырым автожол жөнделетінін атап өтті. Өткен жылы «Теміртау – Қарағанды», «Қарағанды қаласының Солтүстік және Шығыс айналма жолдары» автобандары толығымен пайдалануға берілді.
– Біз үшін ұзындығы 720 шақырым «Жезқазған – Қызылорда» автожолының құрылысы маңызды. Мамыр айында ЖСҚ аяқталады. «Нұрлы жол» бағдарламасының жаңа бесжылдығы аясында биыл жол құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Ол 2025 жылы аяқталуы тиіс, – деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Бұдан басқа, биыл «Қарағанды – Жезқазған» жолын жобалау басталады. Сондай-ақ «Қарағанды – Павлодар» және «Қарағанды – Қарқаралы» республикалық жолдарын қайта жаңарту жоспарда бар.
Облыс басшысы жол инфрақұрылымын жақсартудан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың халықты жұмыспен қамтуға септігін тигізетінін және бұл жобаларға жергілікті тұрғындардың үш мыңнан астамы тартылатынын атап өтті.
Өңір басшысы биыл Қарағанды облысы бүкіл елмен бірге Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы, Теміртаудағы металлургиялық комбинаттағы қазақстандық тұңғыш шойын балқымасының 60 жылдығы, К.Станиславский атындағы орыс драма театрының құрылғанына 90 жыл толуы сияқты айтулы даталар мен мерейтойлардың өз деңгейінде аталып өтетінін жеткізді.
Сондай-ақ биыл өңірде «Жезкиік» халықаралық музыка фестивалі, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған халықаралық айтыс және Ә.Сығай атындағы халықаралық театр байқауы өткізіледі.
Бұдан бөлек, облыс әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында қоғамды рухани жаңғырту жұмыстарының жалғастырылатынын айтты.
Сонымен қатар Ж.Қасымбек кеншілер астанасында Қасым Аманжоловтың үйін ашу жобасының жоспарда бар екенін айтты.
Есеп беру кездесуінің соңында әкім мемлекеттік тілдің жай-күйін, қоғамдағы келеңсіздіктерді, руханият саласындағы кемшіліктерді, мемлекеттік қызметшілер арасында кездесетін тәртіп бұзушылықтарды және басқа да көкейкесті мәселелерді көтерген, сонымен қатар сұрақ қойып үлгермеген бір топ азаматты қабылдап, олардың өтініш-тілектеріне құлақ асты.
Қарағанды облысы