Бүгінде Жамбыл облысында мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы шамамен 4,5 миллион гектарды құрайды. Орманмен көмкерілген 2 миллион гектар алқап бар. Оның ішінде сексеуілдіктер 1,1 миллион гектар жерді алып жатыр. Қазіргі таңда мемлекеттік орман қорын тікелей күзетумен 14 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі айналысады.
Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, өткен жылы 129 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 245 фактісі ашылған. Сонымен қатар, облыста заңсыз ағаш кесудің 17 дерегі анықталған. Оның ішіндегі 16 дерек сексеуіл ағашын кесуге байланысты. Жалпы шығын 295,3 мың теңгені құраған. Барлық фактілер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданыпты.
«Өткен жылы облыста жалпы көлемі 41,0 мың гектарға жуық 15 орман өрті оқиғасы орын алды. Барлық орман өрттері бойынша тергеу жүргізілді. Тергеу қорытындысы бойынша 6 лауазымды тұлға және 3 орман пайдаланушы әкімшілік жауапкершілікке, 18 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның 2-еуі жұмыстан шығарылды», дейді инспекция басшысының орынбасары Болат Асамбеков.
Сонымен қатар, өткен жылы 1731 гектар жерге екпе ағаштары отырғызылған. Алайда, «Қосқұдық» орман питомнигінде сексеуіл тұқымдарын себу технологиясы бұзылған. Сондай-ақ, Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандарындағы орман питомниктерінде екпе ағаштары өлген. Сондықтан да, аталған инспекция басшысының орынбасары бұл питомниктерде отырғызу материалының шығуы төмен екенін айтады.
Жамбыл облысы