• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 21 Ақпан, 2020

Жолдама үшін жұдырықтасады

121 рет
көрсетілді

Наурыз айының алғашқы аптасында Иорданияның бас шаһары – Амманда бокстан Токио Олимпиадасына жолдама беретін Азия және Тынық Мұхит аймағы елдерінің іріктеу турнирі өтеді. Осыдан бірер күн бұрын бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Ғалымбек Кенжебаев Олимпиада жол­дамасына таласатын спортшылардың есімін атады. Бір қызығы, бас бапкер­дің тізіміне әлем және Азия чемпионатында топ жарған тәжірибелі бокс­шылар енбей қалған.

 

Алдымен, іріктеу турниріне баратын, бас бапкердің назарына іліккен боксшыларды таныстырып өтейік. Амман шаршы алаңында лицензия үшін жеңіл салмақта 2019 жылғы Қазақстан чемпионатының күміс және ел ішілік спартакиаданың жеңімпазы, сондай-ақ былтыр Ре­сейде өткен әлем чемпионатының қо­ла жүл­дегері Сәкен Бибосынов (52 кг) жұ­дырықтасады. 2016 жылы Рио Олим­пиадасына қазақстандықтардан бұл салмақта Олжас Сәттібаев дәл осы тур­нирде жолдама алған болатын.

57 кило салмақта іріктеу жарысына жанкүйерлер құраманың нөмір бірін­ші боксшысы, 2017 жылғы әлем чемпионатының бас жүлдесін жеңіп алған Қайрат Ерәлиев баратынына сенімді болған. Алайда бас бапкер бұл жолғы жарыста 22 жастағы боксшы Серік Теміржановты сынап көргісі келген екен. Дегенмен соңғы уақытта Ерәлиевтің өнері бапкерлердің көңілінен шықпай жүргенге ұқсайды. Өйткені әлем чемпионатында тәжірибелі бокс­шымыз ширек финалда өзбек боксшысынан жеңіліп, екі жыл бұрынғы атағын қорғай алмады. Ал жас та болса бірқатар халықаралық турнирде жеңіске жеткен С.Теміржанов «Астана арландары» сапында жұдырықтасып, біраз тәжірибе жинақтаған.

63 кило салмақта Азия чемпиона­тының күміс жүлдегері Зәкір Сафиул­линге сенім артылды. Сондай-ақ бұл Зәкір үшін Олимпия ойындарына ба­руға соңғы мүмкіндік. Өйткені 34 жас­тағы бокс­шы келесі Олимпиадаға дейін қолғабын шегеге ілетіні анық. Негізі Сафиуллин 2016 жылы Рио Олим­­пиадасына іріктеу жарысына барып, жолдама алған болатын. Алайда сол кезде AIBA Pro Boxing жобасында жеңімпаз атанған Берік Әбдірахманов Зәкірден бұрын жолдама алған соң, Риоға Әбдірахманов барды.

«Қазақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Абылайхан Жүсіпов жұдырықтасатын болды. Дәл қазіргі уақытта Жүсіпов өз салмағында құраманың нөмір бірінші боксшысы саналады. 2018 жылы Ақтауда өт­кен ел чемпионатының финалында өзінің негізгі қарсыласы Асланбек Шым­бергеновті айқын басымдықпен жең­ген еді. Бұл Абылайхан Жүсіповтің Олим­пия ойындарына баратын екінші мүм­кіндігі.

75 килода бапкер таңдауы жарақа­тынан айығып, ұлттық құрамаға оралған Әбілхан Аманқұлға түскен. Әлем чемпионаты және Азия ойындарының күміс жүлдегері былтыр негізгі жарыстарға қатысқан жоқ. Оның орнына барған Тұрсынбай Құлахмет Таиландта өткен Азия біріншілігінде қарсылас шақ келтірмесе, Ресейде ұйымдастырылған әлем­дік додада жартылай финалға дейін жеткен-ді. Бапкерлер құрамы Амман­дағы бәсекеде Аманқұлға сенім артқан соң, Құлахмет өз кезегін күтпестен бір­ден кәсіпқой бокстың есігін ашты.

81 килода 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетовке сенім артатын боламыз. Ресейдегі әлем чемпионатында кубалық қара маржанды есеңгіреткен маңғыстаулық өрен құраманың сөзсіз бірінші нөмірі атанды. Ал 91 килода Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит пен аса ауыр салмақта құрама капитаны, әлем чемпионатының екі мәрте күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жолдамаға таласады. Бұл салмақтарда аталған екі боксшыға әзірше лайықты қарсылас жоқ. 

Иорданиядағы турнирде бокс­шыларға 63 жолдама беріледі. Мысалы, 52, 57 және 60 кило салмақтағы бокс­шы­ларға 6 жолдама, яғни жартылай финал­ға шыққан 4 және ширек финалда жеңіске жеткен екі мықты боксшы жолдамаға ие болады. Ал 69, 75 және 81 кило салмақтағы боксшыларға 5 жолдама беріледі. 91 және 91 килодан жоғары салмақтағы боксшыларға 4 жолдама қарастырылған. Яғни жартылай финалға шыққан төрт боксшы Токиоға барады. Қалған жолдамалар қыздар боксына тиесілі.

Айта кетелік, Токио Олимпиадасына іріктеу турнирі 3-11 наурыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы Иорданияға 28 ақпан күні аттанады.