Жамбыл облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов Қордай ауданында болып, азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ауданда орын алған соңғы жағдайларға байланысты өңірдің бас полицейі тұрғындардың түрлі мәселелерін тыңдады.
Қабылдауға келген Қордай ауданының тұрғыны Александра Иванова Жанат Сүлейменовтен жүргізіліп жатқан қылмыстық істің тергеу барысы мен мән-жайын түсіндіруді сұрады. Тұрғынның өтінішін тыңдаған департамент бастығы істі жеке тексеруге уәде берді. Сондай-ақ, алаяқтарға алданып қалған ауданның үш тұрғыны да жер теліміне қатысты мәселе бойынша қабылдауға келді.
Жалпы, қабылдауға тұрғындар түрлі мәселелер бойынша келген. Масанчи ауылында орналасқан дәріхана иесі Арайлым Альменова Қордайдағы қақтығыс кезінде өрт салдарынан кәсібімен бірге жеке басын куәландыратын барлық құжаттарының да жойылып кеткенін айтып, көмек сұрады. Бұл мәселе бойынша «Біз өз құзыретімізде және заң шеңберінде қажетті көмектерді көрсететін боламыз», деді Жанат Сүлейменов.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 8 және 20 ақпан күндері аралығында Жамбыл облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері 57 жеке куәлікті қалпына келтірген. Сонымен қатар, департамент бастығына бірқатар азамат ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу бойынша сауал қойды. Бұл бойынша Жанат Сүлейменов өтініш жазып, қажетті құжаттарды жинауы керектігін түсіндірді. Сондай-ақ, Қордай ауданының кейбір тұрғындары аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне қатысты шағымданды. Аталған мәселе бойынша өңірдің бас полицейі жеке тексеру жұмыстарын жүргізетінін айтты. Қабылдау барысында тұрғындарға қажетті жан-жақты құқықтық кеңестер беріліп, барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.
Жамбыл облысы