Нью-Делиде (Үндістан) күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер арасындағы бәсеке аяқталды. Қазақстанның бұрымды балуандары жарысты 2 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен қорытындылады.
Финалдық бәсекеде жеңіске жеткен 53 килодағы Татьяна Ахметова мен 72 кило салмақта белдескен Жәмила Бақбергенова ел қоржынына алтын жүлде салса, 62 килода сынға түскен Аяулым Қасымова күміс еншіледі. Жалпы әйелдер арасындағы үш салмақтың финалы қазақ-жапон балуандарының арасында өрбіді. Ахметова екі дүркін әлем чемпионы Маю Мукаиден басым түссе, Бақбергенова Мей Шиндомен кескілескен белдесуде 2-1 есебімен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Финалда белдескен тағы бір отандасымыз Аяулым Қасымова (62 кг) күншығыс елінің өкілі Юкако Каваиге есе жіберіп, күміс медаль иеленді.
Ал 50 килода белдескен Валентина Исламова және Мәдина Бақбергенова (59 кг), Марина Зуева (55 кг), Эльмира Сыздықова Азия біріншілігінде қола жүлдегері атанды. Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы чемпионатты жалпыкомандалық есепте медаль саны бойынша 3-орынмен аяқтады.