Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында 2019-2022 жылдар аралығында елімізде қанша спорттық-сауықтыру кешені (ССК) салынатынын айтты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес біз 2019 бен 2022 жыл аралығында 100 спорттық-сауықтыру кешенін салуымыз керек. Осы мақсатта өткен жылдың 25 қазанында Министрлік құрылысы басталатын нысындардың тізімін жасады. Жоспар бойынша 2019 жылы - 13, 2020 жылы -32, 2021 жылы - 55 кешен салынады. Аталған жоба аясында жылды қорытындылай келе, өңірлердегі бюджет пен демеушілер қаржысына тұрғызылған 13 және аталған жоспардан бөлек қосымша 21 спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді.
Сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, өткен жылы басталған 10 ССК-нің құрылысы жүріп жатыр. Енді ол биыл аяқталады. Сонымен қатар 2020 жылы аталған бағдарламаға сай республикалық бюджеттен 10, аймақтың және демеушілер есебінен 12 спорттық-сауықтыру кешеніне жөндеу жүргізіліп, тағы 10-ы салынады. 2021 жылы «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасына үш, аймақтық бюджеттен 16, өзге де қаржыландыру арқылы 36 ССК кіргізетін боламыз»,-деді министр.