Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Владивостокта өткізген Нұр-Сұлтанның «Барысы» жергілікті «Адмирал» клубынан басым түсті.
Бас бапкер Андрей Скабелка Гагарин кубогының плей-офф кезеңі алдында команданың негізгі құрам ойыншыларына демалыс беріп, сырт айдындағы ойынға клубтың тек қазақстандық хоккейшілерден құралған екінші құрамын алып барды. «Барыс» жас ойыншылармен жасақталса да, бапкер мен жанкүйерлерінің сенімін ақтай білді. Кездесуді жоғары қарқынмен бастаған жерлестеріміз алғашқы 7 минутта «Адмирал» қақпасына жауапсыз үш шайба соқты. Алғашқы 4-минутта Валерий Орехов мергендігімен көзге түссе, 6-минутта Павел Акользин есепті еселеді. Арада бір минут өткенде Егор Петухов «Барыстың» үшінші шайбасын соқты. Екінші кезеңнің 33-минутында Орехов дубль авторы атанған-ды. Бірақ төрешілер видео қайталаудан соң голды есептемей тастады. Кезең аяқталар тұста «Адмирал» хоккейшісі Константин Глазачев командасының ойындағы жалғыз шайбасын соқты. Үшінші кезеңде командалар гол соққан жоқ. Қорытынды есеп – 3:1.
«Барыс» бұл жеңісінен кейін тұрақты біріншіліктің турнир кестесінде 84 ұпаймен екінші орынға көтерілді. Жерлестеріміз келесі кездесуін ертең Хабаровскінің «Амур» командасына қарсы өткізеді.