Елордада киберқауіпсіздік саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі Trend Micro мен қазақстандық T&T Security компаниясы ғылыми және техникалық әріптестікті бастау туралы келісімге қол қойды.
Жиын барысында компания өкілдері мен қатысушылар қазіргі кездегі мемлекеттік мекемелер, ұйымдарға қатысты ақпараттық қауіпсіздік пен оның түрлері туралы сөз қозғады. Сонымен бірге аталған саладағы қолданылып жүрген жүйенің кемшіліктері, халықаралық және қазақстандық компаниялардың «Киберқалқан» жүйесін нығайту жөніндегі бірлескен жұмысы туралы әңгімеледі.
Негізі 2013 жылы қаланған T&T Security кибер қауіптердің жаңа буынына қарсы күреске арналған құралдарды дайындауға маманданған компания. Елімізде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қолдауымен жұмыс істеуде. Әріптестік аясында тараптар Қазақстан аумағында ақпараттық қауіпсіздік саласындағы бірлескен жобалар мен бастамаларды дайындауға және жүзеге асыруға, сондай-ақ қолда бар шешімдерді терең технологиялық біріктіруге бағыттауды жоспарлап отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов «Мұндай әріптестіктің өзі «Қазақстанның киберқалқаны» бағдарламасы жұмысының нәтижесі деп есептеймін. Бұл елдің ақпараттық қауіпсіздігінің нығаюына қызмет етеді. Одан бөлек елімізді әлемдік қоғамдастыққа жаңа қырынан, яғни киберқауіпсіздік бойынша сапалы шешімдердің өндірушісі ретінде танытады. Сонымен қатар бұл бастама қазақстандық IТ-өнімдердің экспортына, керісінше әлемдік брендтердің қазақстандық нарыққа кіруіне жол ашады», деді маман.