• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2020

Жалғыз қолмен жиһаз жасайды

412 рет
көрсетілді

Тәубахан Оңалхан – атамекенді аңсап Моңғолиядан келген қандасымыз. Қазір ол Қарағанды облысындағы Осакаров ауданында тұрады. Өзінің айтуынша, анадан туғанында екі аяқ, бір қолы болмапты. Жалғыз қолдың өзі де сау емес: бар-жоғы үш саусағы ғана бар...

Бірақ тағдырдың бұл қатал сынына мойыған Тәубахан жоқ. Қазір ол жалғыз қолмен жи­һаздың орындық, үстел сияқ­ты түрлерін жасайды. Бұл өнерді бала кезінде әкесінен үйренген. Үш саусақпен ағаш­ты аралап, одан кейін оны сүргілеп, жымдай қылып құрастырып бұйым жасау айтқанға ғана оңай. «Әрине, – дейді ол, – қиындықсыз іс бол­майды. Кейде қолымның қа­рысып қалатыны бар. Мұн­дай кездерде көңілімді көтеру үшін ән айтамын. Шынын айтқанда, кәдімгідей тыңайып, сергіп қаламын».

Тәубаханның қолынан аяқ киім жөндеу де келеді. Жал­пы, ол жұмыссыз отырғанды ұнат­пайтын жан. Керек болған же­рінде үй шаруасына да араласып кетеді. Жұмыс істе­ген кезінде жанынан шық­пай­тын балаларға өнегелі әңгіме айтып, ақыл-кеңес беріп отыруды да ұмытпайды.

«Кейде өздері түк істе­мей, мемлекеттен қол жа­йып көмек сұрай беретіндерге таңғаламын. Теледидардан он екі мүшесі сау жастардың бос сенделіп, арақ ішіп, бір-бірімен төбелесіп жатқанын көргенімде, ішім удай ашиды. Соларға қарап отырып, өзімнің сү­йік­ті ісіммен айналысып жүр­геніме тәубе деймін», деп сыр ақтарады ол. Қазір Тәу­ба­ханды тап­сы­рыс­тың астында деп айта алмай­сың. Бірақ өзіне жетер­лік­тей жұмысы бар. Ең бас­ты­сы, ол өзіне ұнайтын және қолынан келетін іспен айна­лысады. Шебер ең бірінші ке­зек­те сапаға мән береді екен. Бір орындықты бірнеше күн істеуі бар, әбден көңілден шы­ғатындай болып біткенше ты­ным таппайтыны да содан.

Тәубаханның қолынан ағаш­­­тан бұйым жасау ғана ке­­­ле­ді десеңіз, қателесесіз. Оның әуелетіп ән айтатын да өнері бар. Тіпті, аудандық, об­лыстық деңгейдегі конкурс­тарда жеңімпаз болған. Содан соң қолы қалт еткенде шах­мат ойнағанды ұна­та­ды. Қар­сы­ластарының бә­рін қи­ра­тып жеңбесе де, шар­шы тақта бе­тінде талай­ды ты­ғы­рық­қа тірейтін қабі­лет-қ­а­ры­мы бар. Бұған дә­лел – аудан­дық жа­рыс­тарда алған жүл­делері.

Тәубахан Оңалхан сынды жандардың тәубасын ұмытқан көп адамға ой салып, өмірге басқаша көзбен қарауға ықпал етері сөзсіз. Иә, қарағайға қар­сы біткен бұтақтай мұндай қай­сар адамдар мүсіркеуді қа­жет етпейді, қайта олардың қайт­пас рухын мұқым елге үлгі ету керек шығар!

 

Қарағанды облысы,

Осакаров ауданы