• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Ақпан, 2020

Сенің жырың мәңгілік құдыретті...

326 рет
көрсетілді

Қызылжар қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы Абайдың 175 жылдығына арналған аймақтық ақындар мүшәйрасын өткізді.

Кітапхана директоры, ұлтжанды қарындасымыз Көгершін Бердіғұлова жеке бастамасымен облыстық Ерік Асқаров атындағы ақындар мектебінің басшысы Жарқын Жұпарханның көмегімен ақша бер деп ешкімге алақан жаймай, өздігінен демеуші тауып, осы шараны ұйымдастырған екен. Осындай бастама көтерсе басқа кітапханалар қанеки...

Мүшәйраға Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Қызылжардан он екі ақын қатысты. Жалпы, қатысушылар саны көп екен, бірақ бірінші кезеңде олар іріктеліп, екінші кезеңге жеткенінің саны осы болған. Мүшәйраны облыстық мәдениет басқармасының бастығы Құралбек Атамұратов ашты. Құттықтау сөздер айтқандардың қатарында облыстық мешіттің бас имамы Кенжетай Дүйсенбай болды. Соңғысы осы мүшәйраға демеушілік те көрсеткендердің бірі екен. Ол Абайдың ақындық ілімін кеңестік идеологияға сәйкес келетін түсінік деңгейінде емес, енді кең құлашты көзқараспен, жан-жақты қарау керектігін айтқан белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметтің сөзін ауызға алды. Егер Абай ілімдеріне кеңдікпен қарайтын болсақ оның дінді түсіну деңгейінің және оның халық өміріне, мәдениетіне пайдалы тұсын терең танитын болар едік деді ол. Шынында, Мұхтар Әуезовтың Абай жолында саясатқа сәйкестендіріп жазған: «Қағбам өзгеріп, Шығысым Батысқа айналып бара жатыр» дегеніне бүгінгі таңда сыни көзқараспен қарап, ақынның үні Шығыс ойшылдарымен үндесіп жатқанына тереңірек көңіл аударудың қажет екендігі сөзсіз. 

«Сілкіндіріп әлемді дүбір өтті, Дүбір өтті – ғаламат ғұмыр өтті. Мың құбылып тұрса да мынау заман, Сенің жырың мәңгілік құдыретті». «Бұлдыр ғасырдың белесін көрген қырағым, Көкірегімнің жағып ең қалай шырағын. Пайғамбар тектес парасатыңмен жазған ең Қалам ұшымен қазақтың тұнық бұлағын...»  немесе «Жарық нұрдан жарық сәуле тамып тұр...» деген сияқты халықтың сусынын қандырған әдемі жыр жолдары ағылды бұл кеште...

Мүшәйрада бас жүлдені павлодарлық Жарқынбек Амантайұлы, бірінші орынды қызылжарлық Абылайхан Әшімхан, екінші орынды қарағандылық Салатанат Ерланқызы және үшінші орынды көкшетаулық Қуаныш Оспанов алды. Басқа қатысушылардың бәріне де қызылжарлық ақын-жазушылардың атындағы сыйлықтар берілді.

Мүшәйраға атақты ақын Дәулеткерей Кәпұлы, белгілі жазушы – журналист Жарасбай Сүлейменовтер бастаған топ әділқазылық етті. Үзілістерде жергілікті өнерпаздар Абай әндерін шырқады.

 

ҚЫЗЫЛЖАР