Алғыс айту күніне орай Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шара өтті. Айтулы шараға 5000 адам қамтылды.
Мерекелік шара барысында ұлттық киім киген этномәдени бірлестік төрағалары мен ардагерлері жергілікті жұртшылықпен амандасып, достық рәуіштерін білдірді. Сонымен қатар келушілерге 12 түрлі ұлттық тағамнан әзірленген Алғыс дастарқаны жайылды. Көне шаһар тұрғындары мерекелік дастарқаннан дәм татса, түрік, орыс, күрд, әзербайжан, дүнген этносының өкілдері қазақ халқына алғыстарын жеткізді. Көпшілік бір-бірімен құшақтасып, қол алысып, өздерінің ақ ниетін білдірді.
Салтанатты шараны Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз бастап, өңір тұрғындарын мерекелерімен құттықтады. «Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметімен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, Қиыр Шығыстағы 18 мыңнан астам корей отбасылары қоныс аударды. Бүгінде біздің қасиетті Жамбыл жерінде 87 этнос, 21 этномәдени бірлестік өкілдері Ассамблея құрамында бірлік пен татулықта өмір сүруде. Облысымызда күрд, түрік, дүнген және өзге де этностар тығыз шоғырланған 5 аудан бар. Көпэтностық – біздің басымдығымыз, бірлік – сарқылмас байлығымыз», деді әкім. Сонымен қатар Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов та өзінің лебізін жеткізді. «Біз, қазақ деген құшағымыз кең, ақкөңіл, адал, аңғал халықпыз. Біздің бауырымызға қаншама халықтар, ұлттар, сыйып кетіп жатыр. Біздің ең керемет қасиеттеріміздің бірі бұл», деді ол. Сондай-ақ «Полонез» поляк этномәдени бірлестігінің жетекшісі Лариса Калькова, «Барбанг» күрдтер ассоциясы облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов барша этностардың атынан қазақ халқына алғысын білдірді.
Мерекелік шара барысында түрлі этностардың қазақ жеріне қоныстануы турасында театрландырылған қойылым қойылып, соңы өнер жұлдыздарының концертіне ұласты. Сондай-ақ Қордай ауданындағы Масанчи ауылында 2000 адамды қамтитын «Бірлігі жарасқан, туған жерім – Қордайым» атты Алғыс айту фестивалі өтті. Мерекелік шараға жиналған көпшілік аудан орталығы Қордай ауылындағы Ноғайбай би ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар Алғыс дастарқаны жайылып, Қордай, Қаракемер, Қарасу ауылдарынан келген тұрғындар дастарханнан дәм татты. Алғыс айту күніне орай өңірде бастау алған шаралар Наурыз айындағы мерекелерде жалғасын табады.
Жамбыл облысы